Дүниежүзін дүрліктірген қауіпті індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Сын сағатта сабырлықтарын танытқан әр қазақстандықтың жағдайы қашанда мемлекеттің бақылауында. Ел Президенті де тиісті тапсырмаларын жауапты басшыларға жүктеп, барлық қолғабыстық шараларын қамтуға атсалысып келеді.
Жұртшылықтың жағдайын партиямыздың төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та назардан тыс қалдырмауда. Енді, міне, Елбасымыз «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп аталатын ақ тілекті мақаласын жариялап, ынтымағы ырысты Қазақстан халқын мықты болуға шақырды. Елдің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі екенін айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы, өз сөзінде әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауының да маңызы зор екенін жеткізді. Расымен де, әрбіріміз өзіміз үшін жауаптымыз. Оған қоса, мемлекет және қоғам тарапынан жасалып жатқан сақтық шараларға түсіністікпен қараған абзал деп ойлаймын.
Елбасымыз өз жазбасында жарасымды үрдіске де танымды түсінік келтіргенін ерекше айтуға болады. Мәселен, кәсіпкерлер қазіргі ахуалға байланысты отандастарға барынша көмек қолын созғаны дұрыс. Сондай-ақ, аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдері көпшілікті көпшіл болуға, береке-бірлікке, игі істердің басында жүруге ақыл-кеңестерін айтуы керек-ақ.
Бірлігі жарасқан ел бола білсек, ұлт денсаулығы да оңалатынына сенім білдірейік!
Қаныбек АЙТЖАНОВ.
«Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары.