Коронавирус пандемиясына байланысты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың 20 наурызында «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылған болатын. Бұл жайында өздеріңіз БАҚ арқылы естіп те, оқып та жатырсыздар деп ойлаймын. Аталған қорда жиналған қаражаттың есебінен халықтың әлеуметтік әлсіз санатына жататын жандарға 50 мың теңгеден көмек берілу жағы да қарастырылған. Алайда, бұл қаржылай қолдау біздің аудан тұрғындарына тиесілі емес екенін айтқым келеді. Әрине, соңғы уақытта көмекке мұқтаж қарасайлықтардың арасында осы жайында қаңқу сөздер, әңгімелер тарап кеткені рас. Осы ретте, менің айтайын дегенім, жоғарыдағы «Birgemiz» қоғамдық қорынан бөлінетін 50 мың теңге көлеміндегі көмек коронавирус індетінің таралу қаупі жоғары облыс орталықтары мен ірі қалалардың адамдарына беріледі. Осыған орай тұрғындар саны 100 мыңнан асатын 23 қала анықталған, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты республикалық маңызға ие үш қала бар. Сондай-ақ, тағы бір айта кетерлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде көмек алушылардың жеті санаты бекітілген. Олар: тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар; бірінші топтағы мұқтаж мүгедектер; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар; ең төменгі зейнетақы алып жүрген және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер; жетім балалар (тұл жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар); Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соларға теңестірілгендер; тыл еңбеккерлері.
Жалпы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ықпалымен елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы азық-түлікке мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетілуде. Аудандық партия филиалының бастамасы арқылы осы уақытқа дейін 1130 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бұл қайырымды шара әлі де жалғасатын болады. Тұрғындардың өтініштеріне байланысты арнайы тізім жасалынып, соған байланысты көмектер көрсетіледі. Оның ішінде қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғыз басты және көп балалы аналар, Ұлы Отан және ауған соғысына қатысушыларының отбасылары, одан бөлек, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандар да бар екенін қоса айтқым келеді.
Мәселен, осы аптада аудандық партия филиалының өкілдері мен аудандық Жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ, белсенді еріктілер ауған соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, азық-түлік пен медициналық бетперде жеткізіп, қал-жағдайын біліп, ризашылықтарына бөленді.
Қаныбек АЙТЖАНОВ,
«Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары.
«Birgemiz» қоғамдық қорынан бөлінген 50 мың теңге кімдерге беріледі?
Главная » Новости » Еріктілер жылы » «Birgemiz» қоғамдық қорынан бөлінген 50 мың теңге кімдерге беріледі?