Өткен аптаның жұмасында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясы болды. Күн тәртібіндегі мәселелер бекітілмес бұрын мәслихат депутаттары мен сессияға қатысушы аудан әкімі және оның орынбасарлары, қалалық, ауылдық округтердің әкімдері, бюджеттік мекемелер және бөлім басшылары жақында ғана мезгілсіз дүниеден өткен депутат Мәлік Мәдиұлын бір минут үнсіздікпен еске алды. Сессияны депутат Қуаныш Баяманов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Алдымен ауданымызда жақында өткен облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлау қорытындысы туралы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махмұдбек Жұмағұловқа сөз берілді. Ол сайлау нәтижесі бойынша №17 Шамалған сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты Жандулла Әбдімұратовтың, №5 және №17 сайлау округтері бойынша сайланған аудандық мәслихат депутаттары Жалғасхан Дәлібаев пен Ақшолпан Мараттың депутаттық дәрежесін алғандарынан ақпарат беріп өтті. Ал, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы осы мәслихат депуттарының бірі – Жалғасхан Серікұлын ортаға шақырып, депутаттық мандатын тапсырды.
Сессияның күн тәртібі бойынша бірінші «Қарасай ауданының 2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджеті туралы» №22-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қаралды. Оған қатысты баяндаманы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев жасады. Айтылған бірқатар ұсыныстар депутаттар жағынан қолдау тауып, бекітілді. Екінші мәселе – «Шамалған ауылының бас жоспарын бекіту туралы» болса, оған қатысты «Урбостил қала құрылысын жобалау» фирмасының директоры Любовь Нысанбаева бірқатар ойымен бөлісті. Бұл мәселенің де ортақ шешімі табылып мақұлданғанымен, келешекте аудан әкімі мен мәслихат депутаттарының ықпалымен қосымша өзгертулер орын алатын болды. Үшінші «Еңбек өтілін анықтайтын аудандық арнаулы комияссия, Қарасай ауданындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомстволық комиссия, аудандық әкімдіктің дербес құрамына өзгерістер бекітілді. Сондай-ақ, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы Консультативтік-кеңесші органның құрамына өзгерістер енгізілді. Күн тәртібіндегі төртінші мәселе «Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы 20-бабының 4-тармағына сәйкес, мәслихат депутатының өкілеттігін тоқтатуға қатысты болды. Бұл мәселеге байланысты Іргелі ауылдық округінен депутат Рахметов Мәлік Мәдиұлының дүниеден озуына орай депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы сессия шешімі бірауыздан қабылданды.
Сессияда күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек, келесі жылы аталып өтілетін Қарасай ауданының 90 жылдығы да сөз болды. Ол жайында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов біраз жоспарлы жұмыстарымен бөлісіп, аудан тұрғындары мен мекеме, бөлім басшыларына ұсыныс жасады. Ауданның атаулы мерейтойы тойланатын уақытқа дейін өңірімізді көркейтуге, абаттандыруға, одан бөлек Қарасай бабамыздың ескерткішін биіктетіп, алыстан көзге ілінетіндей етіп тұрғызуды ұсынды. Осы және басқа да жүйелі жұмыстардың бірқатарын атқаруға аудан жұртшылығын және мәслихат депутаттарын қолдауға шақырды. Халық қалаулылары да ұсынысты қабылдап, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс атқаратындарын жеткізді. Сөз соңында аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы Қоғамдық кеңес атынан айтылған ұсыныстарын құптап, мекеме басшыларын, ауылдық округ әкімдерін және тағы басқа аудан белсенділерін оларды бір кісідей қолдауға шақырды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.