Тәуелсіз мемлекетіміздің кемелді келешегі – білімді, ойлы, ізденімпаз, жаңашыл жас ұрпақ. Мектеп қабырғасынан бастап қалыптасқан азаматтар тәрбиелеп, қанаттандыру – аса маңызды іс. Бұған өңірлердегі білім саласы бойынша сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған іс-шаралардың тигізер ықпалы бөлек. Облыстық білім басқармасына қарасты Кеген ауданы бойынша білім бөлімінде ортақ мақсатта қолға алынып, жүргізіліп әрі жүзеге асырылып келе жатқан дүниелер жан қуантарлық. Осыған орай осынау таулы өлкенің бір перзенті, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Кеген ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Мәсімханов Мұратжан Қожанұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Мұратжан Қожанұлы, облыстық білім басқармасына қарасты Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалып, жұмыс жүргізіп келе жатқаныңызға бір жылға таяу уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында ауданның білім саласында қандай жақсылықтар орын алды?
– Ауданымызда 21 орта, 4 негізгі, 7 бастауыш мектеп, Кеген өнер мектебі жұмыс істеп келеді. 5133 оқушыға 1004 ұстазымыз дәрісін беруде. Өткен оқу жылында 293 түлек мектептен қанаттанса, соның ішінен 180 жас түлегіміз грантпен жоғары оқу орындарына түсіп кетті. 11 түлегіміз «Алтын белгіге» ие болды. Жалпы, өткен оқу жылында білім сапасы 67 пайызды құрады. Жағдайымыз жаман емес. Былтырғы жылы ауданымыздағы Ж.Ермегияев атындағы орта мектеп, Қарабұлақ орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, заманға лайық жаңғырып, жайнады. Екі мектептің де өте сапалы жасалғанын айта кетуіміз керек. Өткен жылы ауданымызға облыс әкімі келген кезде Тасашы орта мектебінің жайын айтып, күрделі жөндеуден өткізуге көмектесуін, қаражат қарастыруын сұраған едік. Сол өтінішіміз орындалуда. Бюджеттен 1 миллиард 119 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті құжаттары дайындалып, облыстық білім басқармасына өтінім берілді. Кеген өнер мектебіне астық қабылдау пунктінің екі қабатты кеңсе ғимараты берілген болатын. Сол ғимаратты күрделі жөндеуден өткізетін болдық. Алдағы уақытта өнерлі, дарынды балаларымыз жаңғырып, жайнаған, жылы да жайлы мектепте дәріс алатын болады. Кеген ауылының тұрғындары көптен бері К.Нұрпейісов атындағы мектеп-лицей мен Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде орынды талап-тілектерін тиісті орындарға қойып келген еді. Сол мәселе де оңды шешімін тапты. Қос мектепті жөндеуден өткізуге қаражат бөлінді, айналысатын мердігер белгілі болды. Алдағы бір айдан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Осы уақыттар аралығында аудан білім шаңырақтарындағы 10 пәндік кабинет заманауи жабдықталды, 40 компьютер алынды. Іргелі білім шаңырақтары үшін жарық өшкен кезде пайдаланатын 20 генератор сатып алдық.
– Кеген ауданының қайта қалпына келгеніне сәуір айында 5 жыл толады. Дәл осы жылдардың аудандағы білім саласына тигізген шапағаты қандай?
– Айтуға болады. Ауыз толтырып айтарлықтай жақсылықтар мол. Атап айтқанда, 10 мектеп, 2 балалар бақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи ғимараттарға, жылы да жайлы мекенжайларға айналды. Оның ішінде Бөлексаз, Ы.Көшкінов, А.Түркебаев, І.Жұмағұлов, М.Орманов, С.Бейсенбетұлы, Ә.Ниязбеков атындағы орта мектептер мен Жылысай ауылындағы «Балдырған» бөбекжай балалар бақшасы бар. Былтыр Тоғызбұлақ ауылындағы 50 орынды балалар бақшасының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, құшағы балапандарға тола түсті. Қазір мұнда екі топ бойынша 50 бала мектепалды тәрбиесіне бөленуде. Бұл өңір үшін бұрын-соңды болмаған игілік десек, артық айтпаймыз.
– Ұлыстың Ұлы күнімен төрімізге аттаған Қоян жылында ауданның білім саласында қандай жақсылықтар орын алады деп күтілуде?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, аудан орталығындағы екі мектеп қалыпқа келетін болады. А.Нүсіпбеков атындағы орта мектептің шатыры ауыстырылады. Кеңсу, Жіңішке бастауыш мектептері, өзге де білім шаңырақтары ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Оқушыларымыздың сапалы білім алуына негіз боларлық игілік десек, артық айтқандық емес, осы жылы аудандағы физика, химия, биология секілді 17 пән кабинеті лайықты жабдықталатын болады. Білім шаңырақтары заманауи жаңа 50 компьютермен қамтамасыз етіледі. Жалпы, биылғы жылы облыстық білім басқармасынан мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 201,7 миллион теңге қаражат бөлініп отыр.
– Мұратжан Қожанұлы, мектептердің еңбегі – нәтижелі білім сапасымен, ұстаздардың біліктілігімен өлшенетіні белгілі. Бұған не айтар едіңіз?
– Айтуға болады. Білім ордаларында мемлекетіміздің «Білімді ұлт» сапалы білім беру» атты 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба, даму бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар қолға алынды. Білім сапасын арттыруға негізделген бағдарламамызды жасадық. Сол бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, жыл басынан бері қарай ауданымыздың білім шаңырақтарында «Инновациялық әдіс-тәсілдер – білім берудің кілті» деген тақырып бойынша әр ай сайын, екі аптада бір рет мектеп директорларының, орынбасарларының және пән мұғалімдерінің қатысуымен тәжірибе алуға әрі алмасуға арналған семинар-кеңестер өткізіліп келеді. Мұндай игі басқосулар әр мектепте өтеді, оған үлкен дайындықтар жасалады. Мұның бәрі нәтижесіз емес. Ұ.Бағаев атындағы орта мектепте осы білім ордасында ұзақ жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз Әбдірахман Тойғұловты еске алуға арналған оқушылар арасында аудандық олимпиада өткізілді. Алдағы уақытта А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейде экология тақырыбында дарынды шәкірттердің ғылыми жобалар байқауы өткізілмек.
– Ауданның білім саласында халықаралық, республикалық байқауларда жұлдыздарын жарқыратып жүрген ұстаздар мен шәкірттер бар болар?
– Әрине, қазір ғана жақсы жаңалық естіп, қуанып отырмын. Сізбен бөлісуге болады. С.Бейсенбетов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Әріп Мағжан халықаралық «Әл-Фараби – 2023» олимпиадасына қатысып, дүниежүзі тарихы пәні бойынша І дәрежелі дипломымен марапатталып, С.Демирел атындағы университеттің білім грантын ұтып алды. Математика пәнінен өткен «Алтын тұғыр» атты республикалық олимпиадада Бестөбе мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айшуақ Сағым І дәрежелі дипломмен марапатталды. А. Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Нышан Молдасейітов «Жас дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен онлайн «Дарын» платформасының республикалық кезеңінен ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Түменбай бастауыш мектебінің мұғалімі Айгүл Терлікбаева математика пәнінен өткен «Алтын тұғыр» олимпиадасының облыстық кезеңінен 2 орынға ие болды. Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Бәзілбаева аталған олимпиададан 3 орын алды. Пәндік өре бәйгелері бойынша 9 оқушымыз облыстық кезеңінен жүлделі орын алса, Сабина Дәуітхан, Балнұр Нұржақан, Динара Бақыт атты 3 оқушымыз республикалық кезеңіне жолдама алды. Білімді шәкірттеріміздің бірі Қарабұлақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Мерей Сәбит облыс әкімінің Алғыс хатына және 100 мың теңге ақшалай сыйлығына ие болды. «Зерде» ғылыми жоба байқауында Қарабұлақ орта мектебінің оқушысы Кәусар Махат 2 орынға ие болды. А. Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназияның 4 сынып оқушысы Гүлім Сағындық аталған байқаудың облыстық кезеңінен 1 орын алып, республикалық кезеңінде «Алғыс» хатпен марапатталды.
– Балаларды мектеп алды тәрбиесімен қамтудың жайы қалай?
– Жаман емес. Ауданымызда 4 мемлекеттік және 11 жекеменшік балалар бақшаларында, 19 мектеп жанындағы шағын орталықтарда 1510 бала мектеп алды тәрбиесін алуды. Жалпы, балалардың мектеп алды тәрбиесімен қамтылуы аудан бойынша 86, 8 пайызды құрап отыр. Кеген ауылындағы «Балбөбек» балалар бақшасын күрделі жөндеуден өткізудің жобасы, тиісті құжаттары жасалуда. Алдағы уақытта аталған бөбекжай ғимараты заманауи ретке келтірілетін болады.
– Алға қойып отырған игілікті шаруаларыңыз бар болар?
– Бар. Шаруашылықтар тұсында ауданымыздағы Қарабұлақ деп аталатын табиғаты ғажайып өңірде «Қарабұлақ» атты пионер лагері жұмыс істеген еді. Кейін ол жабылып қалды. Сол лагерді өз меншігімізге алып жатырмыз. Құжаттары жасалынып жатыр. Болашақта сол демалыс әрі сауықтыру лагерін қайтадан жүзеге асырып, жаз маусымында балаларымызды алысқа жібермей-ақ өз ішіміздегі, өз игілігіміздің аясында демалуына мүмкіндік жасасақ деген ізгі ниеттеміз. Аудан аумағындағы Алғабас, Көкпияз бастауыш мектептері мен Бескөл, Жайдақбұлақ негізгі мектептері үшін жаңадан ғимарат тұрғызу үшін қажетті құжаттарын жасатып жатырмыз. Биыл 290 жас түлек мектеп бітіретін болады. Олардың арасында 14 «Алтын белгіге» үміткер оқушыларымыз бар. Алдағы уақытта да біз ұстаздарымыздың біліктілігін арттыруға, оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге негізделген игі шаруаларымызды, жоспарлы жұмыстарымызды кезең келбетіне сай жүргізе беретін боламыз.
– Білімді әрі қалыптасқан жас ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңіз жемісті бола берсін!
Сұхбатты жүргізген Қанат БІРЖАНСАЛ.