Ұстаздық бұл өмірдегі ең жақсы, ең адал, ең жауапты, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мaмaндықтардың бірі. Елімізде бұл әрдайым мадаққа ие мамандық иелерінің мейрамы қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Мемлекетіміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес ел болғаннан бері педагогтар жас ұрпаққа заман талабына сай, әлемдік жүйеде сапалы білім, саналы тәрбие беруге барынша ден қойып келеді. Ендеше, бүгінгі мақаламыз сондай жаңалыққа жаны құмар ұстаз, жас маман – Жасұлан Бейсенбаев жайлы өрбімек.
1988 жылы туған Жасұлан Балымжанұлы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тумасы. Бес жасар кезінде ата-анасы ауданымыздағы Шамалған бекетіне көшіп келген. Сол жерде мектепте оқып, аяқтап, бірден әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ол жерден әскери қызметке қызығушылығы оянып келген болатын. Сол асқақ арманыма жетсем деген ниетте Қазақстан Республикасының Ішкі істер Министрлігінің академиясына түседі. Аталмыш жоғарғы оқу орнынын үздік аяқтап, дипломын қолына алысымен Алматы қаласындағы Ішкі істер Департаментінде жұмыс істейді. Біраз уақыттан кейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік шекара қызметіне ауысып, ондағы өз жұмысын ыждаһаттылықпен атқарады. Үш жылдан кейін қызмет барысында жарақат алып, дәрігерлік комиссиясының тексеруінен кейін, әскери қызметке шектеулі жарамсыз деп табылады. Бұл жағдай ол кездегі жас Жасұланның сағын мүлдем сындырған жоқ. Табандылығы мен ер жігітке тән ерік-жігерінің бәрін жиып, өзін басқа саладан іздеуді ұйғарады. Осылайша таңдауы ұстаздық қызметке түсіп, «Алматы» университетінде «дене шынықтыру» пәнінің мұғалімі мамандығына түсіп, жаңа маман иесі атанды.
Жасұлан Балымжанұлы ұстаздық қызметіндегі еңбек жолын өзінің өсіп-өнген ауылы Шамалған бекетіндегі Ы.Алтынсарин мектебінде бастайды. Міне, биыл онда жұмыс істеп келе жатқанына 3 жылға жуықтаған. Аталмыш білім ордасында алғашқы-технологиялық әскери дайындық пәнінің оқытушы ұйымдастырушысы болып істейді. Дегенмен, ізденімпаз жас ұстаз тек сабақ беретін пәнімен шектелмей, оқушылардың танымдылығын арттыра алатын үйірме ұйымдастыруды ойлайды. Осылайша, ол мектеп директорының қолдауымен өзіне алыс емес саладағы «Жасұлан» деп аталатын әскери-патриоттық клубын ашады. Жасұлан Балымжанұлы клубтың жетекшілігінен бастап, бар міндетті өзіне алып, тіпті, оқушылардың әскери киімі мен керекті құрал-жабдықтары да өткен қызметінде істеген таныстарының демеушілігімен алады. Клубтың негізгі мақсатын да айта кеткен жөн болар, мұнда балаларды шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық бағытта дамыту жолға қойылған. Оқушыларды саптық шеруде жүруге, әскери әндерді айтуға, еріктілік жұмыстармен айналысуға, дене шынықтыруға үйретеді. Жасұлан мектептегі пәнді оқытып қана қоймай, клуб жұмысын да жүргізіп, балаларды жарыстарға да қатыстырып тұрады. Ұстаздың еңбегі, шәкіртінің жетістігінен көрінеді демекші «Жасұлан» клубы мүшелерінің биылға қатысқан жарыстары да жетерліктей. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы ЦСК және Қостанайдағы әскери жекпе-жек, Ақтөбедегі «Мерген» және тағы да басқа республикалық деңгейдегі оқушылар арасындағы сайыстарда бірінші, екінші орындарды қанжығаларына байлаған. Жоспарға сәйкес мектепішілік жарыстарда ұйымдастырып тұрады, сол шараның қорытындысы бойынша клубтың мүшелері іріктеледі. Өзі қызмет ететін білім мекемесінің қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысатын Жасұлан мұғалімнің белді спортшы екенін айтпай кетуге болмас. Қазір мұғалімдік қызметіне қоса Қаскелеңдегі №1 Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде армрестлингтан жаттықтырушы. Сондай-ақ, шәкірт тәрбиелеп қана қоймай түрлі дүбірлі әлемдік деңгейдегі додаларда топ жарып жүрген ол оқ атудан спорт шеберіне үміткер болып, армрестлингтан спорт шебері атанып үлгерген. Қызмет барысындағы ізденімпаздығына бөлек, өзін де жан-жақты дамытып отырады екен. Қанжығасында екі дипломына қосымша тағы «әскери психолог» мамандығы бойынша сырттай оқып, білімін жетілдіруде. Себебі, болашақта мектептегі қызметімнен кетуім мүмкін дейді. Дегенмен, қай салада жұмыс істесеңде белгілі бір алдыңа мақсат қойып, жетуге тырысу керек, ешқашан ертеңге, болашақтың еншісіне қалдарып, қарап отыра беруге болмайды, дейді Жасұлан. Иә, өзінің әр бастаған ісіне ыждаһаттылылықпен кірісіп кететіне айтқан сөзінен, атқарған жұмысынан байқалады. Бойындағы жастық жалынын босқа емес, тынымды, нәтижелі жұмыстарға жұмсап жатқан Жасұлан Балымжанұлы алдағы жоспарымен бөліскенде, тіпті, таң қалдырды. Жуырда, пластик өңдеуден өткен екі шебер сабаққа қатысып, қазір сол құрылғыны оқушылармен бірлесіп құрастырып жатыр екен. Толықтай құрылғыны жинақтап біткен Ы.Алтынсарин мектебінің алдына пластикалық заттарға арналған қоқыс жәшігін қойылады. Сөйтіп, онда жиналған пластиктер өңделіп, одан жаңа қолданысқа жарайтын дүниелерді шығарады екен. Жобалары аяқталған соң тағы да хабарлайтындықтарын жеткізді. Өз білгенін өн бойына ұстамай шәкірттерімен бөлісіп жүрген Жасұлан Ғалымжанұлына алға қойған жұмыстары өрлей беруін тіледік. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, жас ұстаз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.