Жамбыл ауылындағы өнер мектебі еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамыту үшін жүйелі жұмыс атқаруды мақсат еткен. Мұнда дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттау бағытында жұмыс атқарылуда.
Сонымен қатар оқушыларға инновациялық технологияларды пайдалану әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы шығармашылыққа баулу жолға қойылды. Осы мақсатта жуырда өнер мектебінде «Қосымша білім берудегі инновациялық технологияларды пайдалану жолдары» тақырыбында аудандық тәжірибе алмасу семинары өтті. Оған аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Зейноллаева және қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен мұғалімдері келді. Семинарда өнер мектебінің ұстаздары ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын көрсетіп, іс-тәжірибе алмасты.
Осындағы кино өнері сыныбының мұғалімі Бейімбет Тұрысбекұлы «Оқушының камера алдындағы жұмысы мен кино өнеріне бейімделуі» тақырыбында білгенімен бөлісті. Ал домбыра сыныбының мұғалімі Абзал Мұхамедалиұлы «Авторлық күйлерді балаларға насихаттау және оқыту әдістемесі» атты сабағын өткізді. «Актерді тәрбиелеудегі негізгі принциптер» тақырыбында сабақ өткізген театр өнері сыныбының мұғалімі Нұрбек Алпысбайдың дәрісі де тыңдаушысын қызықтырды. Сол сияқты бейнелеу өнері сыныбының мұғалімі Ринат Шыңғысұлы «Үлкен көлемге проектор көмегімен сурет салу әдісі» атты шеберлік сағатын көрсетсе, киім дизайны сыныбының мұғалімі Айдина Жәйшібекова «Ши құрақтың түрлері мен жасалу жолдары» тақырыбында ашық сабақтар жүргізді.
Семинар соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Оханқызы қатысуымен ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарды талқылануына қатысып, мұғалімдердің жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.