Үкімет қаулысына сәйкес, биылдан бастап елімізде 5 қазан мұғалімдердің кәсіби мерекесі болып белгіленді. Аталған мереке 100-ден аса мемлекет атап өтетін «Дүниежүзілік мұғалімдер» күнімен сәйкестендірілді.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстазға жүктелген міндет ауыр деуге болады. Ол – шыдамдылықты, біліктілікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық.
Өз мамандығын сүйетін, өмірінің 32 жылын балалар біліміне арнаған жанның бірі – Талғар ауданы, Ақдала ауылындағы «№44 жалпы білім беретін орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің химия-биология пәнінің мұғалімі Сейфолдаева Бибігүл Бөшенқызы.
Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Арасан-Қапал ауылында дүниеге келген Бибігүл Бөшенқызы орта мектепті үздік аяқтағаннан кейін өзі таңдаған мамандығы бойынша оқуға түскен. 1991 жылы Абай атындағы қазақтың Мемлекеттік педагогикалық университетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Алматы облысы Райымбек ауданы, Ақсай орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі болып бастады. 1991-2008 жылдары осы білім ордасында педагог-ұйымдастырушы, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2008-2017 жылдары Талғар ауданы, №1 қазақ-түрік лицейінде химия пәнінің мұғалімі, Талдыбұлақ ауылындағы Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп-гимназиясында әлеуметтік педагог, 2018 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, химия-биология пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді. 2019 жылдан бері Бибігүл Сейфолдаева Ақдала ауылы №44 жалпы білім беретін орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Бибігүл ұстаздың ерен еңбегі ел алдында еленіп, бүгінде бірнеше марапаттың иегері атанған. Атап айтқанда, 2019 жылы «Bilge»халықаралық инновациялық шешімдер орталығы ұйымдастырған Ұлттық «Bilgen» олимпиадасының дипломымен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 2022 жылы Халықаралық білім мен ғылым қолдау орталығының «Мың бала» интеллектуалды республикалық химия және жаратылыс тану пәндері бойынша өткен оқушылар олимпиадасында қосқан үлесі үшін Алғыс хатқа ие болды. Осы жылы республикалық «Өрлеу» ПШДО шығармашылық ізденіс, кәсіби шеберлігі үшін Құрмет грамотасымен, Халықаралық білім мен ғылым қолдау орталығының «Эрудит» интеллектуалды орталығы педагогтер арасында өткен «Жаңашыл мұғалім-2022» атты І Республикалық олимпиадаға қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ, өткен жылы жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін Алматы облысының білім басқармасының Құрмет грамотасына, 2022 жылы адал қызмет атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Талғар аудандық білім бөлімінің мақтау қағазына ие болды. Ал биыл Yessenov University ұйымдастыруымен І Республикалық ғылыми жобалар конкурсында оқушы жетістігі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, 2022 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының оқу-әдістемелік кеңес мақұлдауымен «Химиялық есептерді шешу жолдары» авторлық бағдарламасы жарық көріп, республикалық деңгейде іс-тәжірибесі таратылды.
Облыс әкімдігінің алғысына ие болған Бибігүл Бөшенқызы – бүгінде үш қыз бен бір ұлдың бақытты анасы, немерелердің асыл әжесі. Жолдасы Дәулеттің орнын жоқтатпай, түтінін түзу шығарып, қолындағы қарт енесіне қамқор болып, әулеттің үлгілі, сыйлы да сүйкімді келіні болып отырған жайы бар.
– Мұғалімнің бойында балаға деген мейірім, сенім болу керек. Талап қоя отырып, оны жетелеу, бағыт беру, шаршамай еңбек ету қажет. Қазіргі балалар өте жан жақты, ақпаратты көп алады. Балалармен әміршілдік қарым қатынас емес, ынтымақтастық, адами қарым-қатынаста болсаң, анағұрлым тез тіл табысасың. Әр алдымыздағы оқушыны жеке тұлға ретінде қарауымыз керек. Ұзақ жылдардағы тәжірибеме сүйенсем, ең бастысы – баланың жүрегіне жол табу, сенім білдіру, үнемі шәкірттеріге дұрыс бағыт беру, олардың көзқарас, ой-пікірлерімен санасып отыру, білімге деген қызығушылығын, құштарлығын арттыру. Ал ол үшін ең бірінші өз мамандығыңды сүйе білуің керек. Балалармен жұмыс жасау маған өте ұнайды. Мектепте балалардың ортасына барғанда отбасылық немесе басқада қиындықтарды, тіпті ауырып тұрғанымды ұмытып кетем. Шаршайтын кездерде болады. Бірақ мамандығыма көңілім толады. Әсіресе шәкіртеріңнің еңбегіңді бағалап, құрметтеп, алғыстарын білдіріп жатса одан артық марапат жоқ деп ойлаймын. Тәрбиенің банегізі отбасында қаланады.Тәрбиесі жақсы бала басқа ортада болса да өзін солай ұстайды. Кейбір ата аналар балаларын орынсыз қорғап, баланың өзі жасаған қателігіне сыни тұрғыда қарауға мүмкіндік бермей жатады. Сондықтан ата аналар мектеппен тығыз байланыста болып, баланың білімді, тәрбиелі азамат болып қалыптасуына атсалысу керек, – деді Бибігүл Бөшенқызы.
Ұстаздың айтуынша, шәкірттері түрлі олимпиада мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол оны үлкен бақыт, мақтаныш санап, еңбегімнің жемісі деп біледі. Әлі де оқушыларының биік белестерден көріне берінуін тілеп, сол үшін ерінбей еңбек етуге дайын екенін жеткізеді.
– Ұстаздық жолда талай әріптестермен танысып, бірлесе жұмыс істедім. Кәсіби шеберлігімізді бірге шыңдадық. Оларға деген алғысым шексіз. Қазіргі таңда еңбек етіп жатқан Ақдала ауылындағы № 44 орта мектептің директоры Гүлназ Мәлікқызына және осы мектеп ұжымындағы әріптестеріме ұстаздық жолда қажымас қайрат және ел мақтарлық білімді шәкірттерінің көп болуына тілектеспін, – деп білікті ұстаз ізгі ниетін білддірді.
Ұстаз деген – бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Олардың басты мақсаты – келер ұрпаққа тәрбие беру. Еліміздегі барлық ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, шәкірттеріңіздің құрметі мен алғысына бөленіңіздер, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарыңыздың жемісін жеңіздер демекпіз!
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.