Талғар ауданының Бесағаш ауылындағы ауыз су мәселесі ушығып тұрғалы талай жылдың жүзі болса да әлі күнге дейін түбегейлі шешілмей келеді. Ауыз судан тарыққан ағайынның қара суға қол жеткізу үшін істемеген амалы жоқ екені де көпке белгілі. Ауыл әкімі Ернар Жүнісов осы және өзге де мәселелерге қатысты пікір білдіріп, биылғы жылы атқарылған жұмыстардың есебін онлайн тапсырды. Әлеуметтік желіде елмен жүздескен әкім бірқатар сұраққа жауап берді.
Бесағаш ауылдық округі бойынша биыл 21 көшенің жарықтандырылғанын жеткізген округ әкімі белгілі себептерге байланысты кейбір аулаларда жарықтың болмай тұруын уақытша қолайсыздық деп түсіндірді. Райымбек көшесінің екінші жағынан да қаладағыдай жарық болатынын айтқан әкім әлеуметтік нысандары бар Уәлиханов, Қасым Қайсенов, Аманбөктер көшелерінің асфальтталып, жарықтандырылғанын атап өтті.
Округ әкімі Ш. Құдайбердиев көшесінің қашан жасалатынын сұраған тұрғынға: «Бұл көшеде тартылған су құбырының сәтсіз жасалғанын білесіздер. Тартылған құбырдың да сапасы нашар болғандықтан 1 айдың ішінде көше тағы қазылады. Сондықтан көше толығымен келесі жылы жасалады», – деп жауап беріп, «Тас-құм Су» мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, 1968 жылы тартылған 200-дік құбыр мен 2 сорғы ол кезде 4 700 тұрғынға арналған. Қазір 50 мыңнан асып кетті. Сондықтан ауыз су тұрғындарға толық жетпей жатқан көрінеді.
Бұрынғы аудан әкімінің тапсырмасымен Бесағаш әкімдігі тарапынан су желілерінің иесі деп танып, тіркеген. Негізгі жобасы да әзірленіп, оның жұмысы 2020 жылы біткен. Бірақ су жинау торабына қажетті деп танылған жер телімдері «Қайрат» футбол клубының жаттығу алаңының мемлекеттік актсіне еніп кеткен. Ол мәселені де оңынан шештік. Сондықтан жобаны қайта есептеу және түзету жұмыстары жүргізілді. 2021 жылдан бері атқарылған жұмыстың нәтижесі де мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қыркүйек айының соңына дейін ол да бітеді деген жоспар бар. Өйткені мемлекеттік сараптаманың жасалу уақыты 45 жұмыс күніне негізделген. Бұл ауылдың мәселесі аудан, облыс қана емес, республикаға да мәлім. Жоба дайын болса, көп кешікпей қаражат та бөлінеді.
Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
– Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жаңа жоба жасалып, сараптамаға өткізілген. Қыркүйекте сараптамадан оңтайлы өтсе, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алатын боламыз. Алатау трассасы облысқа қарайтындықтан ол жақтың жарықтандыру мәселесі жақында шешіледі. Ол жерге де өзіміз жаяу жүргінші жолағын жүргізіп, жарықтандырғанбыз. Биылға 1000 м2 жолды жамап-жасқап, жөндеу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Бөлінген қаржының тапшылығына байланысты аздаған кедергі бар, екінші рет бюджеттен осы мәселеге қатысты қаражат сұрап отырмыз. Егер аудан тарапынан қолдау көрсетілсе барлық жұмыс аяқталатын болады, – дегенді алға тартты округ әкімі Ернар Жүнісов.
Округ басшысының сөзіне сүйенсек, жол бойындағы ағаштарды күзеп-түзеу жұмыстары қолға алынып, 117 ағашты ақылы, 400-ге жуық ағашты ақысыз түрде түзеген. Сондай-ақ ол қалғанына ауыл тұрғындарының көмегі керек екенін жеткізіп, мүмкін болса сенбі, жексенбі күндері тазалық жұмыстарын ұйымдастырсақ деген ұсынысын да айтты.
Барлық ауылдардағыдай мұнда да әлеумет әлеуеті үшін жол мәселесін көтерген тұрғындар қатары көп. Бүгінде 1 шаршы метр асфальттың құны 6 800 теңге екенін айтқан әкім Жерұйық көшесінің тек асфальтына 153 млн теңге қаражат жұмсалғанын атап өтті. Ал республикалық, облыстық маңызы бар «КазАвтоЖолға» қарайтын жолдардың мәселесін жеке өзі шеше алмайтынын да ашық айтты.
Ауыз судан таршылық көрген тұрғындардың жанайқайы да айтылған тікелей эфирде округ әкімі алдағы уақытта «Тас-құм Суға» күні қараған елдің мәселесі жаңа жоба аясында шешіліп қалар деген үмітке толы жауап берді. Көп жұмысты істеуге қол байлау болып отырған бюджет қаражатының тапшылығы кедергі екенін де айрықша түсіндірді.
Жол бойында қарбыз сатып, отырған жерін қоқысқа толтырып кететіндерге қатысты сұраққа оларды қуғанмен, соны сатып, нанын айырып отырғандар да өзіміздің қара халық қой деген уәж келтірді.
Округ әкімі айтқан ақпарға сүйенсек, Айманов және Наурызбай батыр көшелеріндегі ойын алаңын өртеп жіберген, арнайы орнатылған 6 бірдей қоқыс шелегін 1,5 метрге қаққызып орнатқанмен, оларды теміріне бола түбінен болгаркамен кесіп алып кеткендерді таба алмай отырғанын да өкінішпен жеткізді. Рас, бұл мәселеде ашкөздіктен ел үшін атқарылған істердің астаң-кестеңін шығаратын алаяқтарға халықтың да жаны қас. «Чиль-Сон» гипермаркетінің жанындағы балалар алаңқайына орнатылған ойыншықтарды да сындырып, бүлдіріп кеткендерге не айтуға болады? Қарапайым ғана қоқыс тастау мәдениетін білмейтін адамдардың өрескел қылықтары да қынжылтады.
Міне, көріп отырғаныңыздай, ел ішіндегі елең етер мәселелер аз емес. Біткен істі бүлдіргендерді ұстауға халық та ат салысса нұр үстіне нұр болар еді.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.