Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына ерекше екпін берілуде. Себебі, әлеуметттік ортаның белсенділігін арттырмайынша, қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Азаматтық қоғам, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар – демократияның ажырамас бөлігі. Олар да мемлекетіміздің қарқынды түрде дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді».
2018 жылдың қорытындысына сәйкес, желтоқсан айының соңғы күндері ауданымыздағы белсенді үкіметтік емес ұйым басшыларының еңбектері еленіп, оларды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің атынан Алғыс хаттарымен марапаттады. Бұл санатта қоғамдық бірлестік басшылары Татьяна Матвеева мен Бақытжан Мулинов бар. Татьяна Владимирқызы «Зорлық-зомбылыққа – жол жоқ» әйелдер мен балаларды қолдау орталығын басқарса, Бақытжан Изисұлы «Аманат» Ауған соғысы ардагерлер одағына жетекшілік етеді. Иә, еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда билік құрылымдарымен қатар, осындай үкіметтік емес ұйымдардың да қосатын үлесі көп екенін тілге тиек еткен Айжан Нұрділдәқызы, олардың жыл бойы атқарған жұмыстарын да атап айтты. Сонымен қатар, белсенді азаматтарды ауданның даму жолында қосқан елеулі еңбектерімен құттықтап, отбасыларына денсаулық, бақыт, береке-бірлік тіледі. Ал, марапат иелері өз кезегінде алғыстарын білдірді.
–Соңғы жылдары азаматтық қоғам жұмысына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп келеді. Сондықтан, біздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, – деді олар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.