Соңғы жылдары барлық әлемді мазалап отырған мәселелердің бірі – қоршаған ортаның ластанып, экожүйенің бұзылып бара жатқандығы. Бұл ретте дүниежүзі бойынша табиғатты қорғап қалу мақсатында бірқатар ауқымды істер қолға алынып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Әсіресе жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, олардың табиғатты қорғау жұмыстарына тарту белсенді түрде жүргізілуде. Біздің елімізде де осы бағытта жақсы жобалар іске асуда. Солардың брі – еліміздегі білім ошақтарында біраз жылдан бері жүйелі жүргізіліп жатқан «Жасыл мектеп» жобасы. Аталмыш бастама биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы жасөспірімдердің білімін кеңейту және қызығушылығын арттыру арқылы табиғатты аялауды үйретуге бағытталған.
Ауданымыздың орталығында орналасқан В.Белинский атындағы орта мектебі «Жасыл мектеп» жобасының маңыздылығын түсініп, оны ауданымызда ғана емес сондай-ақ облысымызда насихаттауды қолға алған алғашқы білім ордасы болды.
Нақтырақ айтқанда, өткен аптада аталмыш мектеп өз аумағында ауқымды шара ұйымдастырып, елімізде алғашқы болып қалдықтарды бөлек жинау және азайту мәселесін кәсіби түрде шешуге кіріскен «ECO Network» компаниясымен коллаборация жасасты.
Өзге білім ордаларын «Жасыл мектеп» жобасына тарту арқылы аудан оқушыларын экология мәселесіне назар аудартуға бағытталған шараға «ECO Network» компаниясының директоры Евгений Мұхамеджанов және ауданымыздың мектептер ассоциациясының мүшелері қатысты.
Келген қонақтарды мектептің өнерлі оқушылары қарсы алып, «Жерді бірге құтқарайық» атты шағын қойылым көрсетті. Онда балалар бүгіндегі экологияның жағдайын көрсетіп, жасыл табиғатымыздың азайып бара жатқандығы, теңіздер мен көлдер тартылып, қоқысқа толуы әртүрлі химиялық заттардың кесірінен ауаның ластану экожүйемізге кері әсерін тигізіп отырғандығын көрсетіп, қоғамды осы дертпен бірге күресуге шақырды.
Ауқымды мәселені көтеріп, жиналғандарға ой салған қойылымнан кейін сахнаға мектеп директоры Тұрсын Сайбырова шығып, білім ордасы мен «ECO Network» компаниясымен жасаған коллаборацияның мақсатын түсіндіріп, «Жасыл мектеп» жобасының маңыздылығы туралы айтып өтті. Сондай-ақ өзге мектептерден келген ұстаздарға экологиялық таза әдеттерді жастардың санасына мектеп кезінен сіңіре беру керектігін жеткізді.
Мұнан кейін сөз кезегі аталмыш компанияның директоры Евгений Мұхамеджановқа берілді. Арнайы шақырылған қонақ қоқысты беталды тастау – еліміздің экологиясына үлкен зиянын тигізетін құбылыс екенін атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі алдын-ала сұрыпталмай, қоқыс алаңдарына тасталады. Ал полигондардағы қоқыс өртенген кезде атмосфераға көп мөлшерде улы заттар шығарылады. Ол жаңбыр суымен араласқан соң жер асты суларын да ластайды. Нәтижесінде тұрғындардың ластанған ауыз суды тұтыну қаупі туындайды. Мұны болдырмау үшін әр тұрғын қоқысты бөліп жинауға дағдылануы қажет екенін, сол арқылы экологияны жақсартуға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашылатындығын да жеткізді.
Екі мекеменің коллабо-рациясының бастамасы ретінде шарада жиналғандар назарына арнайы экобокстар да көрсетілді. Бұл бокстар сұрыптаудың үш түрі (қағаз, пластмасса, шыны & алюминий) бойынша мектеп ғимарытының жеті жеріне қойылатын болады. Ол оқушыларды қазірден бастап қоқысты сұрыптап тастауға үйретуге бағытталған.
Бұдан бөлек шарада қатысушылар назарын ерекше қызықтарған оқушылардың экология тақырыбында дайындаған көрмесі болды. Онда қиял жүйріктігі мен жаңаша ойлау қабілеттері бар дарынды оқушылардың пластик бөтелкелерден, қақпақтардан, лампалардан, гүлшоғы оралған қағаз, лента, картон, диск сынды пайдаланылған заттарды қолдана отырып жасаған жаңа дүниелері көрсетілді.
Атап айтқанда, көрмеде жиналғандарға оқушылардың ойыншық көліктің моторы, ескі батарейка және қағаздан жасалған шаңсорғышты, диірменге ұқсас механизм арқылы сумен қозғалатын көлік, табиғи қоспалардан жасалған ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық, желатиннің қосындысымен жасалып, қалдықсыз еріп кететін экоқалталар (пакет), велосипед арқасында қуаттанатын генератор және тағы да басқа ойлап тапқан құрылғылармен танысты. Сондай-ақ, қағаз, пластмасса, бөтелкелердің қақпағы секілді қалдықтарды қолдану арқылы жасаған қолөнер бұйымдарын да тамашалай алды. Бұл көрме В.Белинский атындағы орта мектеп оқушыларының ақылын, ойлаптапқыштығын көрсетіп қана қоймай, қазіргі жастарымыздың әр мәселеге назар аударып, оны шешу жолында креативті әдістер қолдану арқылы тың нәрселерді жасап шығаруға дайын екенін көрсетті.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі сөз етілген шарада алдағы уақытта мектеп бағдарламасын түрлендіру арқылы бұдан да көп жастарды экомәдениетке тарту, экожүйені жақсартудың жолдары талқыланып, бірқатар ұсыныстар қарастырылды.