Аптаның алғашқы күні «Анаға құрмет» музейінде Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын, ең бастысы Алтын алқалы батыр ана Елеухан Мұхамәдиқызымен кездесу кеші өтті.
Сонау сексенінші жылдардың аяғы – ел тәуелсіздігінің қарсаңында, күллі қазақ жұртының көкейінде, айтыстың қасиетімен халқымыз тәнті еткен, сонау Моңғолияның Баянөлгей аймағындағы қалың қазақтың сағынышын ала келген қызын бүкіл ыстық ықыласымен қарсы алған. Қара өлеңнің бұйдасын жетелеген сол анамыз бүгінде барша қазақ білетін Елеухан Мұхамәдиқызы еді. Құмар келіні Елеухан 1940 жылы 1 сәуірде Моңғолия Республикасы, Баянөлгей аймағы Баяннур сұмынының Олоннур шұңқыр жұртында дүниеге келген. Он алты жасынан ақындар айтысына қатысқан. Ол кісінің еңбек жолы да ерекше басталыпты. Елеухан анамыз Моңғолия мемлекетіндегі Баяннуур орта мектебінде 30 жылдай кітапхана меңгерушісі қызметін атқара жүріп, өзі де бірнеше кітапқа жүк болатындай өлеңдерін қағазға түсіріп үлгерген. Онысы «Ақ қайың», «Ару арманы», «Қос ішек», «Қайтқан қыз» және тағы басқа атаулармен жинақ болып жарыққа шықты. Аяулы ақын анамыздың құдайы қосқан жұбайы Кәп Құмарұлы атамыз да өнер десе, ішкен асын жерге қоятын, ат жаратып, жорға жарыстырған, кешегі сал-серілердің тұяғы еді. Кәп атамыз өмірінің 50 жылын білімге арнаған ұлағатты ұстаз әрі ақын кісі болатын. Екеуі де қара өлеңнің қасиетіне жете түсініп, негізгі мамандықтарымен қоса ақындық өнерді де алып жүріпті. Олар Моңғолия еліндегі талай азулы айтыскерлермен бірге жыр додасына түсіп, жүлделі орындарды да иеленген. Осылайша, талантымен талайды тамсандырған, қанша істің басын бірге алып жүрген Елеухан апа мен Кәп атамыз ұрпақ тәрбиесінде де шет қалмай, өмірге бес ұл, бес қызды алып келді. Аузы отты, жас кезінен-ақ елге танымал айтыскер ақын атанған анамыздың қазіргі жас келіндерге үлгі болар тағы бір қыры бар. Елеухан апа өзінің енесімен 46 жыл бір шаңырақтың астында тұрыпты. Ол кісінің алдында өмірден өткенше келіндік қызметін абыроймен атқарып, екінші анасының ақ батасын алған.
Ақын жанды анамыз қолөнерден алыс емес, он саусағынан өнер тамған хас шебердің өзі. Сонымен қатар, Моңғолияда шахматтан екінші разряд иегері екенін ерекше айтуға болады. Осы және өзге де Елеухан апамызға қатысты мағыналы тың деректер, «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбаева жүргізген кездесу жиынында жан-жақты айтылды. Қазіргі таңда Елеухан Мұхамәдиқызы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Сондықтан бұл басқосуға арнайы ат терлетіп Сарыарқаның төрінен келіпті.
Тағылымы мол шара барысында сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Әбілқасымова асылдың сынығындай болған осындай ардақты жандардың қашанда құрметке ие екендіктерін атап айтып, ауданымызға қонақ болып келген Елеухан апамызға алғысын білдірді. Одан кейін Шамалған Мәдениет үйінің директоры Шәрбану Шәриқызының домбырамен сүйемелдей шырқаған «Ана» атты әсем әуені көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Сегіз қырлы, бір сырлы анамыздан тараған ұрпақтары да өнерден құр алақан емес екен. Шөберелерінің бірі Елеухан апамыздың өлеңін жатқа оқып, екіншілері домбыраның құлағында ойнап, күмбірлете күй шертті.
Ақ жаулықты аналарымыз бен қаракөз қыздарымыздың ортақ рухани ордасына айналып, көне дүниелер, ежелгі бұйымдар мен құнды жәдігерлер сақталған орталыққа Елеухан Мұхамәдиқызы да құр қол келмепті. Ол сан жылдық тарихы бар, талай айтыстың куәгері болған, өз қолынан шыққан оюлы бешпетін «Анаға құрмет» мұражайына экспонат ретінде тапсырды. Өз кезегінде Аршагүл Серікқызы Елеухан апамызға рухани мекеменің авторлық «Анаға құрмет» медалін беріп, иығына шапан жапты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.