Дүниежүзін әуре-сарсаңға салған коронавирус инфекциясы біздің мемлекетімізді де айналып өтпеді. Бұл індетті ауыздықтау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша төтенше жағдай енгізген еді. Алайда, ел Президенті өз шешімі арқылы оны кейін тоқтатқанымен, карантин шаралары босаңсығаны жасырын емес. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы аптада коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңес отырысында айтып, бірқатар мемлекеттік органдардың кемшілік тұстарына да тоқталды.
Қазіргі уақытта сырқат санының өсуіне байланысты лабораториялық орындарда сынама тапсыру үшін кезектің артқаны да белгілі. Бұған қатысты Президент өз ойын жеткізіп, оған қатысты жұмыс тәртібін өзгерту қажет екенін түсіндірді. Мәселен, ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call-орталық арқылы жүргізу.
Аталған ауруға төтеп беретін вакцина әлі жасалмағанымен, Мемлекет басшысы оның қауіптілігінен қорқып, байбалам салудың қажеті жоқ екенін ескертті. Шындығына келгенде, сақтық шараларын қатаң сақтасақ, бұл сырқатты жеңіп шығуға біздің қауқарымыз жетеді деп ойлаймын. Тек оған салғырт қарамай, дәрігерлердің нұсқаулығына мән беріп, аурудың алдын алсақ жеткілікті.
Еркін НАДИМОВ,
«Аяжан-Қарасай» медициналық колледжінің студенті, «Еркін өмір сүр» тренингінің авторы.