Өткен аптаның жұмасы күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залыңда жиын өтіп, ауданның жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдарын азайту мәселелері қаралды. Отырысқа Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Асылхан Байшоранов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары, қала мен округ әкімдері қатысты. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Ілияс Қалиев жүргізіп отырды.
Айта кетейік, аталмыш отырыс департаментпен жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары саласындағы жұмыстарын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарының бір бөлігі болып табылады. Өйткені бұған дейін департаментпен азаматтардың жер қатынастары саласындағы арыз-шағымдарын талдаған болатын. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Асылхан Айханұлы жыин барысында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің ізеттілігі мен кәсіби этикасы және қызмет сапасындағы қоғамдық мониторинг критерийлеріне, сондай-ақ, халыққа мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу және атқарылу тәртібі туралы да айтып өтті.
Мұнан бөлек Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы әкімдер мен бөлім басшылары тарапынан халықпен немесе өзге мемлекеттік ұйымдармен, қоғамдастықтармен жұмыс жасау барысында болатын келенсіздіктер кезінде қандай іс-әрекеттер істеу керектігі жайлы қойылған сұрақтарға жауап берді. Бұған қоса, жиын барысында мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарының сақталуы мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қадағалауға қатысты сұрақтар да талқыға түсті.
Жиын қорытындысында сөз алған Асылхан Байшоранов жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының жер заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау, елді мекендердің бас жоспарларын мүлтіксіз сақтау, мемлекеттік қызмет көрсететін адамдардың нормативтік құқықтық актілерді зерделеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу сынды бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.