Естеріңізде болса, айдарымыздың алғашқы материалында біз сіздерге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты – «Еңбек» бағдарламасы жайлы айтып өткен болатынбыз. Ал, осы жолғы мақаламызда сіздерді жоғарыда аталған бағдарламаның екінші бағыты – «Бастау бизнестің» жобасымен таныстыруды жөн көрдік.
Жалпы «Бизнес бастау» бағдарламасының басқа кәсіпкерлерге арналған бағдарламалардан артықшылығы зор. Өйткені, бұл бағдарлама аясында берілетін несиені бұрыннан бері бизнеспен айналысатын және енді өз кәсібін ашқысы келетін жеке кәсіпкерлер де ала алады. Сонымен қатар, аталған бағдарламаның арқасында болашақ кәсіпкерлер бизнес жүргізудің қыр-сырын, өз бизнес-жоспарын жасауды үйренеді. Айта кетейік, бағдарламаға қатысқан адам өз кәсібін дөңгелету үшін 6 млн. теңгеге дейін несие ала алады.
Аталмыш жоба жұмыссыздықпен күреске бағытталғандықтан, оған жас ерекшелігіне қарамастан жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, еңбекке жарамды мүгедектер, қандастар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері, сондай-ақ, бизнесі 3 жылдан аз уақыт жұмыс істеген жеке кәсіпкерлердің де қатысуына болады.
«Бастау» жобасына ниет білдіруші азамат алдымен өзі тұратын жердегі жұмыспен қамту орталығына өтініш беруі қажет. Осы жерде бір маңызды мәселені ескеріп алған жөн. Яғни, азамат қай мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуде тұр, сол ауданның немесе қаланың жергілікті кәсіпкерлер палатасына ғана өтініш білдіре алады.
Мұнан кейін аталмыш мекеме өтініші қабыл болған адамдардың тізімін жасап, жергілікті жердегі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының филиалына жібереді. Ал, олар тізімдегі азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін анықтау мақсатында тест өткізеді. Одан өте алған үміткер жобаның қатысушысы болып әрі қарай 21 күн көлемінде кәсіпкерлік негіздерін оқытатын арнайы курстарға қатысады. Бүгінде елімізде орын алған карантинге байланысты арнайы курстар «Atameken Academy» платформасында онлайн өтуде. Бұл курстарда қатысушыларға теориялық негіздер түсіндіріліп, әрқайсысына жеке кеңестер беріледі. Өз ісін ашқысы келетін кәсіпкерге бизнес-жоспар құруға көмектеседі. Оны жүзеге асыру үшін қаржы тетіктерін қалай тарту керектігін түсіндіріледі. Курс барысында қатысушыға 12 модульден құралған 50 танымдық бейнесабақ беріледі. Тыңдаушылар оны мұқият көріп, ондағы берілген таныстырылымдарды меңгеріп алуы керек. Оқу процесінде жекелеген бейнесабақтардан соң тапсырмаларды сапалы орындап, тренерге тексеруге жіберу қажет. Курс соңында қатысушы арнайы жасалған тесттен өтіп, одан кем дегенде 70 балл жинау керек. Тиісті балды алған адам өзінің бизнес-жоспарын жасауға көшел алады. Ескерте кетейік, оқудан 3 күннен артық қалуға болмайды. Себебі, сабақтардан себепсіз қалған азаматтар арнайы комиссияның шешімімен шығарылатын болады. Аталған курсты аяқтаған соң жоба қатысушыларына екі түрлі сертификаттар беріледі. Біріншісі аудандық, облыстық комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғай алған жағдайда жобаны бітіргендігі туралы, ал, екіншісі оқуға қатысқандығы жөнінде.
Тағы бір айта кетерлігі егер де бағдарламаға қатысушы жоғарыда айтылғандардан өтіп, несие алып, бірақ, алған қаражатын өзге бағытта қолданатын болса, онда оған айыппұл салынады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.