Осыдан бір апта бұрын республикалық көлемдегі «Бірге – таза Қазақстан!» акциясын қолдауға арналған аудандық жастар ресурстық орталығы «Көрікті, көркем қалам» атты шара ұйымдастырды.
Аталған шараның негізгі мақсаты – жастарды туған жерін аялап, тұрғылықты жерін ластамай, қаланы таза ұстауға шақыру. Аудандық Мәдениет үйінің алдындағы Жастар саябағында өткен жиынның бағдарламасы түрлі бағытты қамтыды. Алдымен әдемі әуеннің ырғағына билеген студенттер флешмобы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Одан кейін сахнаға айтыскер ақын Серік Қалиев бастаған бір топ мектеп оқушылары көтеріліп, ағартушы, философ, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен үзінділер оқыды. Жиналғандардың қатарынан өз еріктерімен жыр жауһары Абайдың өлеңін жатқа айтамыз дегендер де табылды. Ақынның 175 жылдығын насихаттауға атсалысып, өз бағын сынап қатысқандарға арнайы сыйлықтар да тарту етілді.
Одан кейін, шараның легі спорт саласына ауысты. Ортаға шыққан Қарасай батыр орта мектебінің жас спортшылары таэквандо техникасының қыр-сырын көрсетіп, өз өнерлерін ортаға салды. Келесі кезекте, жас жеткіншектер қазақ халқының ежелгі, өте кең таралған дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі – асық атуды көрсетті. Әдемі өтіп жатқан шараның барысында ұйымдастырушылар жастар атынан осындай саябақтың салынуына ұйытқы болған аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа және Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевқа алғыстарын білдірді. Ал, қала әкімі Асқар Өкенұлы арнайы қатысып, жиналғандармен мерекелік концертті бірге тамашалады. Сондай-ақ, олармен естелік суретке де түсіп, аспанға шар ұшырды.
Әрі қарай шара аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына жалғасты. Концерттің шымылдығы Ақторқа Тотымбаеваның «Қаскелеңім» әнімен ашылып, «Қалбүбі» өнер студиясының әншілері орындаған «Мен жастарға сенемін» әуенімен аяқталды.
Мерекелік жиынның соңы түнгі аспанға атылған әдемі отшашумен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.