Қазіргі таңда еліміздің өркендеп дамуы мен болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы тұрғыда бұл игі істер еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың санасына сіңуде. Мәдени даму мен рухани жаңғыруда атқарылатын істер де ауқымды. Десек те, музейлік іс пен оның бағыты маңызды әрі өзекті болып табылады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның әр өңірінде мәдени ошақтар ашылып, халыққа қызмет етуде. Осындай орталықтың бірі Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы болып табылады.
Аталмыш орталық осы өңірдің, жалпы Қарасай ауданының ерекше мәдени орнының бірі. Ашылған күннен бастап аталған музейге келушілердің легі толастаған жоқ. Орталыққа келген қонақтардың қызығушылықтары, әсіресе, Президентіміздің қолданған бұйымдары мен сыйға тартылған жәдігерлер төңірегінде артады.
Орталыққа келушілер, сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың еңбек жолы мен Тәуелсіздіктің қалыптасуына көбірек назар аударады. Бұл, әрине, дұрыс. Алайда, осындай дәрежеге жеткізген негізгі күш пен бастапқы ой неден туындағанына аса көп қызығушылық таныта бермейді. Өйткені, біз көп жағдайда әрбір игі іске жетелеп отыратын қозғаушы күш – түпкі түйсік пен терең ойдың сонау балалық шақтан бастау алатынын жадымыздан шығарып алып жатамыз.
Президентіміздің балалық шағына тереңірек үңілсек, барлық ақиқат пен даралықтың негізін түсінуге болады. Яғни, адамның тұлға болып қалыптасуы балалық сенім мен өжеттіліктен бастау алады. Әр адамның өмір жолында кездесетін қиындықты шешу мен дұрыс бағытты ұстана білуі оның бала кезіндегі арманының арқасында қалыптасатындығы ақиқат. Адам өмірінде қандай да болсын кедергілерге жолығып, олардан өтуге оның бала кезіндегі мінезі де айтарлықтай ықпал етеді. Яғни, адам өзінің қалыптасқан мінезінің арқасында не бір биіктерді бағындыра алады.
Елбасы балалық шағында асқақ армандарға бой алдырғанымен, өскенде Президент болатынын білді деп айта алмаймыз. Ол өзінің қайтпайтын қайсар мінезі мен ерен еңбегінің арқасында асу-биіктерді бағындыра алды. Елбасы өзінің еңбектерінің бірінде: «Бір қызығы – сол кезде менде бір құпия арман болды. Мұнар басқан көгілдір көп таулардың тым болмаса ең берісінің шыңына бір шықсам шіркін деп көксейтінмін. Бұл асқақ арманның қай кезде пайда болғаны есімде жоқ. Бесте ме екем, әлде, жеті жастамын ба… Бірақ, көз арбаған әлгі шыңға он төрт жасымда табан тірегенім жадымда» дейді.
Яғни, адам өміріндегі болашаққа деген баспалдақтың барлығы алдымен бала кезде алған білім мен өнегеден бастау алады. Сондықтан жас жүректің осындай армандарын бағындыруға үлгі болатын әрі талпыныстарын оятатын «Атамекен» секілді орталықтардың болғандығы өскелең ұрпақ үшін үлкен мүмкіндік іспеттес.
Кез келген адамның балалық шағы оның өміріндегі ең маңызды кезең екендігі сөзсіз. Жоғарыда біз айтып өткен Елбасының балалық шағындағы кішкене ғана арманы оны асқақ биіктерге жетеледі. Сол сияқты біздің жарқын болашағамыз кішкентай бүлдіршіндердің әрқайсының кеудесіндегі арманы Елбасы арманы сияқты оларды да биік шыңдарға жетелесе екен, дейміз. Осы тұрғыда біз өскелең ұрпақтың кеудесіндегі арманның шырағын жағып, ертеңгі күнге нық қадам басса екен деген тілектеміз.
Біздің орталығымызда жас жеткіншектердің арманын шыңдайтын, олардың рухани жетілуіне бағыт-бағдар беретін және Елбасының балалық шағы мен жүріп өткен жолына куә болатын жәдігерлер жетерлік. Бұл тұрғыда біздің мақсат – жастардың арманын шындыққа айналдыруға тамшыдай болса да үлес қосу. Өйткені, бала кезінде арманшыл болған Елбасының қазіргі таңда әлем таныған Көшбасшы болуына кішкентайындағы, жас кездегі асқақ арманы да ықпал етті, десек артық айтқандық емес!
Әйгерім АВЕЗОВА,
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының
экскурсия жүргізушісі.
Балалық шақтың асқақ арманы немесе «Атамекен» трихи-мәдени орталығынан алар өнеге көп
Главная » Новости » Рухани жаңғыру » Балалық шақтың асқақ арманы немесе «Атамекен» трихи-мәдени орталығынан алар өнеге көп