Халықаралық балаларды қорғау күні – еліміздегі әр баланың жыл бойы асыға күтетін қызықты мерекелерінің бірі. Оны балалар ерекше көңіл-күймен, қуанышпен қарсы алады. Атаулы күнге орай таяуда ауданымызда орналасқан «Рахым» ерекше балалар мен жасөспірімдер денсаулығын оңалту орталығында «Біздің жұлдыздар» атты ауқымды шара өтті.
Жалпы бұл күні қалыптасқан дәстүр бойынша балалардың белсенділігін қажет ететін ән, би мен түрлі байқаулардан құралған концерттік бағдарлама болды. Балғындардың көңілдері шаттыққа толып, мерекенің қуанышы сезілді.
Мейірімді және көңілді мерекелік шара арнайы ұйымдастырылған шерумен басталды. Онда осы орталыққа қарасты төрт филиалдың тәрбиешілері мен балалар шаттана билеп, ән айту арқылы өздерін таныстырып өтті. Одан кейін ортаға Алматыдан арнайы келген «Алтынай» шоу балет ансамблі және «МузАрт life» секілді жұлдызды топтардың бишілері мен әншілері әсем әндерден және билерден шашу шашты.
Осылайша бірден қызу әрі белсенді басталған шараны салтанатты түрде «Рахым» қайырымдылық қоры кеңесінің төрайымы, құрылтайшы Райхан Байтанова ашып, жиналғандарды алда келе жатқан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, бүгінгі шара балғындарға тек жақсы көңіл-күй мен есте сақталардай қуанышты сәттерді сыйласын деген тілегін білдірді. Сондай-ақ ол қор тәрбиеленушілерін жаңа піскен және дәмді нан өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған «Ақсай нан-тоқаш комбинаты» ЖШС мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға тұрақты түрде көмек көрсетіп келе жатқан «KZ Recycling» ЖШС басшыларына ерекше ризашылығын білдіріп, оларға Алғыс хаттар табыс етті.
Әрі қарай ортаға осы шараның жұлдыздары орталықтардың тәрбиеленушілері шығып, өз өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре болды. Арнайы шақырылған аниматорлар олармен бірге би белеп, ән айтып, көңілдерін көтерді. Келген ата-аналар да ерекше кешке куә болып, балғындармен ұмытылмас концерттік бағдарламаны тамашалап, сабын көпіршіктерімен ойнап, тәтті тағамға толы дастарханнан дәм татты.
Кең көлемде өткен шараға «Рахым» ерекше балалар мен жасөспірімдер денсаулығын оңалту орталығының Қаскелеңдегі филиалының директоры Айгерім Жандарбекқызының айтуынша, олар бұл күнге біраз уақыт дайындалған.
– Біздің орталықтарымызда стандартқа сәйкес мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына кеңестік көмек көрсетудің 8 бағыты бойынша жоғары деңгейде оңалту қызметін көрсету бағытында авторлық әдістемелік модуль әзірленіп, алгоритм жүйесімен қызметтер атқарылды. Соның бірі – әлеуметтік-мәдени бағыт. Осы шара соның аясында және де алда келе жатқан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр. Осындай мерекелік, көңілді кештерді өткізу арқылы біз мүгедектігі бар балаларға серпін беріп, өмірге деген қызығушылығын арттыра түсеміз деп ойлаймын. Жалпы біздің ерекше балғындарымызға барынша қолдау көрсету баршамыздың ортақ парызымыз болғандықтан, орталықта осындай ауқымды шаралар жиі ұйымдастырып отырамыз, – деді филиал басшысы.
Бұл күні балаларды мерекелерімен құттықтағандар қатарында аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков бастаған Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары да болды. Олар бүлдіршіндерді құттықтап, түрлі тәттілер таратты. Сонымен қатар, олармен бірге келген Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жанна Жазықпаева ізгі ниетін білдіріп, қорға қаржылай қолдау көрсетті.
Мұндан бөлек мереке аясында «Рахым» қорының басшылығы тарапынан аталған шараға атсалысқан қор қызметкерлерін де шет қалдырмай олардың ерең еңбектері үшін Алғыс хаттар табыс етті.
Ешбір мереке сыйлықсыз өтпейтіні белгілі. Осы ретте шара соңында қор тарапынан әр балаға бағалы да өздеріне пайдалы тарту жасалды.
Бір сөзбен айтқанда, мереке сәтті өтіп, балалар үйлеріне ең мейірімді, ең жарқын және жағымды эмоцияларға толы қуанышпен оралды.
Айта кетейік, «Рахым» ерекше балалар мен жасөспірімдер денсаулығын оңалту орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алматы облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасының қолдауымен 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа ие болып, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің оңалту жұмыстарымен айналысуда. Бүгінгі таңда еліміз бойынша орталықтың төрт филиалы бар. Оның екеуі Алматы облысында болса, қалған екеуі Алматы қаласы мен Жамбыл облысында орналасқан.
Жалпы 80-нен астам білікті маман ерекше балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне, әлеуметтендіруіне үлкен мән беріп, аталған саланың ауыртпашылығына қарамай, үлкен жауапкершілік танытып, қазіргі уақытта 500 балаға арнайы қызмет көрсетуде. Қызмет алушылардың контингенті 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар.
Белсенді жұмыстарының арқасында орталық бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанның Республикалық көрмесіне қатысып «Ең үздік әлеуметтік нәтижелі жоба» номинация бойынша жеңіске жетіп, республика бойынша 1-орын иеленіп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің марапатына ие болған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.