Елімізде көмекке мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан да, жомарт азаматтардың тарапынан да көптеген қолдаулар көрсетіліп, игі шаралар атқарылуда. Сондай бастаманың бірі – республикалық «Мектепке жол» акциясы. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған бұл қайырымды шара биыл да жалғасын табуда. Акция еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
Аталмыш акция аясында біздің ауданымызда да жақсы істер атқарылуда. Соның бірі жақында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өтті.
Жылда үрдіске айналған игі шара барысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаев ата-аналарымен келген бүлдіршіндерді олардың алғашқы оқу жылдарымен құттықтап, шараның мақсатын айтып өтті.
– Біздің болашағымыздың кепілі – білімді ұрпақ. Ал баланың жастайынан білімді, алғыр болуы үшін ата-анасы мен ұстазының тәлімінен бөлек, материалдық жағдайының да жақсы болғаны маңызды. Осы тұрғыда біз өз тарапымыздан осындай игі шараны өткізіп отырмыз. Жалпы біз мұндай қайырымдылық жұмыстарын жылда ұйымдастырып отырамыз. Бұл біздің көмекке мұқтаж қарасайлық ата-аналарға жасаған қолдауымыз деп білеміз, – деді Сағындық Жылқыбаев.
Мұнан кейін осал топтағы отбасылардан шыққан 17 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтарды және дене шынықтыру киімін салатын сөмкелерді табыстады.
Айта кетейік, сөмкенің ішінде алғашқы сыныпқа баратын оқушыларға керек дәптер, қаламсап, бояу және еңбек сабақтарына арналған құралдар, ауыз су құйып алатын ыдыс және тағы да басқа заттар салынған.
Шара соңында ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: «Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай!» деп ақ тілектерін жаудырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.