Жамбыл ауданында жекеменшік балабақшалар арасында бәсекелік орта қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Оның жарқын бір көрінісі жуырда өткен «Балақай шоу» байқауында байқалды.
Аталған аудандық байқауды жыл сайын жазғы мезгілде ұйымдастыру дәстүрге айналатын сыңайлы. Өйткені игі бастамаға аудандағы жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары мен ата-аналар қуана қолдау білдіріп отыр. Тәрбиеші еңбегінің бірден-бір нәтижесі де осындай сындарда көрінетіні белгілі. Оның үстіне ақындар мен батырлар елінің атын асқақтатып, абыройын асырар болашақ жас буынның өнерге деген ынтасы мұнда ерекше екені тағы бар.
«Балақай шоу» байқауының биыл екінші рет ұйымдастырылуына аудандық білім бөлімімен бірлесіп «Нас сити» балабақшасының ұжымы мұрындық болды. Жекеменшік балабақшалар арасындағы өнер сайысы өте тартысты өтті. Оған ауданның 15 бөбекжайынан 150-ден астам бүлдіршін қатысып, аудандық Мәдениет үйіне лық толған көрермен алдында өз өнерлерін паш етті. Алты жасқа дейінгілер алдымен мәнерлеп оқу аталымы бойынша белгілі ақындардың өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі» дегендей, таңдап алынған жыр жолдарының дені жас буынды отаншылдыққа баулитын, ел мен жер тақырыбындағы отты жырлар болды. Сондай-ақ бүлдіршіндер сахна төрінде мың бұрала билеп, шеберліктерін көрсетті. Патриоттық әндерді өр рухпен шырқаған жас талаптарға көрермен тоқтаусыз қол соғып отырды.
Шараны ұйымдастырушы Нәзира Мұсаева байқауды өткізудегі басты мақсат жекеменшік балабақшалардың деңгейін өсіру, оларды ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ істе ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа тартып, ұлттық дәстүрімізді, салт-санамызды, өнерімізді дәріптеу, оны балалардың бойына сіңіру екенін айтады. Отанын сүйетін, елін, жерін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеуге осындай шара арқылы да атсалыссақ дейді.
Сахнаға шыққан жеткіншектерге ата-аналары мен тәрбиешілері жан-жақтан қолдау білдіріп, жанкүйер болып отырды. Ұрпақты ұлттық өнердің ұлағатына ұйытқан мұндай игі шараның ұйымдастырылғанына жұртшылық дән риза. Бұл орайда ата-ана Назым Рахымова: «Қызым Арунас би сынына қатысты. Жақында Алматы қаласында өткен конкурсқа қатысып, балабақша ұжымымен бірге 1-орынды алып келген еді. Мына байқауға бірнеше балабақшадан балалар келіпті, шетінен өнерлі екен, соған риза болдым. Меніңше, өте жоғары деңгейде өтті. Балаларымыз балабақшадан тәлім-тәрбие алып, өнерге баулынып жатқаны қандай жақсы. Қазір жекеменшік балабақшалардың ұрпақ тәрбиесінде ойып тұрып алар өзіндік орны бар», – дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны.
Ұзақ жыл мемлекеттік білім беру мекемесінде басшылық қызмет атқарған, бүгінде «Ақнұр» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі, ардагер-ұстаз Әлия Бәкірқызы байқаудың деңгейі былтырғыдан артқанын атап өтті. Айтуынша, балалар тыңғылықты дайындықпен келіп, өте жақсы өнер көрсетті. «Ақнұр» балабақшасынан вокал және бишілер тобы жүлделі орындарға ие болды. «Осындай байқаулар жиі өткізілсе, балалар мен тәрбиешілердің деңгейі өседі. Мұндай өнер бәсекесі тұтастай алғанда балабақшалардың жұмысының көрсеткіші», – дейді.
Тәрбиеленушілері би аталымы бойынша бас жүлдеге ие болған «Сұлтанхан» балабақшасының меңгерушісі Раушан Балғабайқызы жеңістің сыры неде деген сұраққа өз пайымымен бөлісті: «Балаларымыз Астананың 25 жылдығына арналған «Құрылысшылар» биімен бас жүлдені жеңіп алды. Елордадағы Бәйтерек, Ханшатыр сияқты сәулетті нысандардың салынуын би тілімен жеткізіп, залдағы бүкіл көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Оларды дайындаған тәрбиеші Ұлбаланың ой-қиялының ұшқырлығы, кішкентай бишілеріміздің үйреткенді қабылдау қабілеті, арнайы құрылысшы киімін тіктіруіміз, әрбір қимыл-қозғалыстың Астана туралы әнмен әдемі үйлесім табуы – бәрі-бәрі шеберлікпен ұштасқан сияқты. Бұл, әрине, ұжымның ортақ мақсатта бірлескен еңбегінің жемісі. Ата-аналардың қолдауы да біз үшін өте маңызды болды. Балақайларымыз спорт жарыстарынан да жүлде алып жүр. Жетістікке жетудің кілті әркім өз жұмысын тиісті деңгейде атқаруында деп ойлаймын», – деді.
Қатысушылардың барлығы әртүрлі мақтау қағаздарымен марапатталды. Ал өнері ең үздік деп танылғандарға бірнеше номинация бойынша арнайы жүлделер тапсырылды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.