Аптаның алғашқы күні аудан әкімі Жандарбек Далабаев онлайн форматта өзінің кезекті қабылдауын өткізіп, тұрғындардың тарапынан көтерілген бірқатар мәселе шешімін айтып, түрлі сұрақта жауап берді. Қашықтан өткен қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары мен бірқатар бөлім басшылары да қатысты.
Қала және ауылдық округтердің әкімдіктері арқылы тікелей бейнебайланысқа шыққан қарасайлықтардың басым көпшілігі үй, жер және түрлі әлеуметтік мәселеге қатысты сауалдарын жолдады. Аудан басшысы әрбіріне мұқият көңіл бөліп, оңтайлы шешу жолын қарастырды.
Байланысқа шыққан алғашқылардың бірі – іргелілік Әкім Әзімқұлов БАКАД бойында орналасқан елді мекендерде жолдар жөнделсе, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынса, коммуникациялар жүргізілсе деген өтінішін білдірді. Тоғыз жолдың торабында айналатын аумақ «ҚазМИС» шаруа қожалығы қауымдастығының тұрғындарын жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің жоқтығы да алаңдатады екен. Осының барлығын ескерген аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы мәселеден хабардар екенін, мұны біржақты шешуге атсалысатынын айтты. Нақтырақ айтқанда, аудан басшысы аталған шаруа қожалықтарының қауымдастығы елді мекен шекарасынан тыс орналасқандықтан бас жоспарға енгізуді Алматы облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасына ұсыныс жолдағанын жеткізді. Егер ұсынысты облыс бекітсе, жергілікті әкімдік ауыл статусын беру бойынша жұмыстар жүргізіп, барлық инфрақұрылымдар кезең-кезеңімен ретке келтірілетін болады. Аудан басшысы бұл мәселенің оңды шешімін табуына, өзінің де мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар, қашықтан өткен қабылдау барысында Райымбек, Шамалған, Бірінші Май, Жамбыл ауылдық округтерінің және Қаскелең қаласының бірнеше тұрғындары баспанаға қатысты сұрақтарын қойды. Аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы барлығына жауабын беріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында қалай үй алуға болатынын білу үшін кеңес алуға шақырды.
Онлайн форматта осылайша түрлі сауал жан-жақты талқыланды. Кездесуге алдын ала жазылған қарасайлықтардың барлығына Жандарбек Ермекұлы тиісті жауабын жеткізіп, кейбір мәселелерді өзінің орынбасарлары мен жергілікті әкімдерге тікелей жүктеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.