Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономика-лық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 10 ақпанында «Еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбында дөңгелек үстел және республикалық деңгейде Оңтүстік Қазақстаннан Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару жобасы аясында іс-шара өтеді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өткен жылы Қарасай аудандық мансап орталығына жұмыс сапары кезінде шетелдегі жұмыс шеңберінде пилоттық консультативтік жұмыс жүргізу міндетін қойған болатын. Осы ретте болашақта еліміздегі жұмыссыз азаматтар Катар, Корея және Ұлыбритания сияқты шетелдерде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды жұмысқа жіберу жоспарлануда.
Өздеріңіз білетіндей, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында Оңтүстіктен Солтүстіккке көшу бағдарламасы 2015 жылдан бастап іске қосылған. Мәселен, соның нәтижесінде 2024 жылы 20 отбасы, яғни 68 адам қоныс аударды. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру.
Жоғарыда аталған бағдарламалардың тиімділігі бойынша бүгінгі таңда Қарасай ауданына қарасты қала және ауылдық округтерінің тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Жібек жолы, Елтай, Ұмтыл, Жамбыл ауылдық округтерінің және Қаскелең қаласының тұрғындарына түсіндірілді. Алдағы уақытта қалған округтерде де осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Қарасай аудандық мансап орталығы.