Ұсқыны қашқан ескерткіштердің бірі төпелеп жауған жауын-шашын, долданған дауыл мен шақырайған күннен тозса, енді бірі ұлтының тарихын ұлықтамайтын, құндылықтарын құрметтемейтін бұзақылардың әрекетінен кейін реңін жоғалтқан. Өкінішке орай бүгінгі таңда тарихтан сыр шертетін ескеркіштерге немқұрайлықпен қарап, олардың бетіне неше түрлі жазулар мен суреттер салып, айналасына қоқыс тастап кететін адамдар, әсіресе жастар көбейіп кеткен. Соның бір дәлеле ретінде таяуда орталығымызда орын алған оқиғаны айтсақ болады.
Нақтырақ айтқанда, осыдан екі аптадай бұрын аудандық әкімдіктің ғимаратына қарама-қарсы орналасқан Ұлы Отан соғысында құрбан болған азаматтарды, олардың өшпес ерліктерін нышандайтын «Мәңгі алау» жанындағы сарбаздардың аттары жазылған тақтайшаның артына бұзақылар «замаскамен» аттарын, байланыс телефондарын жазып кеткен еді. Арада көп уақыт өтпей қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында арнайы орнатылған бейнебақылау камералары арқылы аудандық полиция қызметкерлері бұзақыларды тапқан. Ескерткішке нұқсан келтіргендер ауданымызға қарасты бірқатар колледж студенттері болып шықты.
Осыған байланысты өткен аптаның бейсенбісі күні ауданымыздың тәртіп сақшылары қала әкімі Асқар Мұқашевпен бірге бұзақылық жасаған жасөспірімдердің ата-аналарымен, олардың білім алып жатқан колледждердің басшылықтарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қала әкімдігінің алдына өткен жиында сотқарлық жасаған балалардың ата-аналарына болған жағдай түсіндіріліп, бірқатар ескертулер жасалды. Сонымен қатар ескерткішке нұқсан келтіргендер кәмелет жасқа толмағандықтан, олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды. Яғни, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 197-бабына сәйкес 5 АЕК көлемінде (1АЕК – 3063 теңге) айыппұл салынды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.