Мен Несіпбала –Нэлля Әбенқызы Әбділдаеваны көп жылдар сыртынан, алыстан ғана, бұрынғы кеңес дәуірінде өткізіліп жататын әртүрлі жиналыстардан көретін едім. Шындығында, қоғамшыл, қайраткер адамдар бір-екі жылда қалыптаса қоймасы белгілі болатынындай, Несіпбала Әбенқызы да тумысынан, одан әрі мектеп қабырғасында оқыған жылдарынан көшбасшылығымен, қарапайым тілмен жеткізсем,пысықтығымен көпшіл, белсенді болған сияқты. «Сияқты» емес, дәл солай өзіндік айтар ой-пікірімен, турашыл мінезімен басқарушылық қабілеті қалыптасқан-ау. Олай дейтінім, бұрын алыстан, сыртынан ғана таныс осы аққұба өнді әйелді соңғы екі-үш жыл көлемінде оның Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы болғалы кезінен, күніне үш-төрт сағаттық қоғамдық жұмыста танып-білуге мүмкіндік туды.
Нэлля Әбенқызы қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы. Бұл ақысыз атқарылатын қоғамдық жұмыс. Осы ақысыз атқарылатын қоғамдық жұмысына Нэлля Әбенқызы үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарап келеді. Қаскелең қаласында бүгінгі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны жыл, күн өткен сайын азайып бара жатқаны өмір заңы. Өздерінің көбі кетіп, азы қалған кезінде оларға жан жылулығы мен хал-қадерінше көңіл бөлуді Нэлля Әбенқызы өз міндеті деп түсінеді. Сонымен қатар, ол жалғызілікті соғыс ардагерлерінің жесірлерінің, соғыс жылдарында туған, бүгінгі тыл еңбеккерлері мен мүгедек жандардың да хал-жағдайлары мен денсаулығынан әрдайым, телефон арқылы болса да, хабардар болып жүреді. Оған қоса ол қала мектептерінің оқушыларын және колледж жастарын бос уақыттарында қарттар мен мүгедек жандардың аула, қора-қопсысын, үй-жайларын тазартуға жұмылдырып отыруды да өз міндетінен шет қалдырған емес. Н. Әбділдаеваның қоғамдық жұмысы тек қана жоғарыдағы аталғандармен ғана шектелмейді.
Егер де біраз тарқатар болсам, түрлі-түрлі отбасыларда болып жататын ұрыс-керіс, т.б. келеңсз жағдайлардың шиеленісіп кетпеуіне де уақыт тауып әңгімелесіп, тігісін жатқызып жүретіндігі де бар. Тұрмысы төмен жалғызбасты қарт отбасылардың үйінің жөндеу жұмысына да, әйтпесе, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін мерзімдік баспасөзге тегін жаздыруға, тағы бір қарт отбасылардың үйінің жөндеу жұмысына да, мүгедек жанның аудандық ауруханада емделуіне де мүмкіндігінше демеуші іздеп, табанынан таусылып жүретінін де байқап қаламыз. Міне, мұның бәрі де оңай шаруа емес.
Несіпбала – Нэлля Әбенқызы сырт бейнесі қандай әдемі, нәзік болса, осындай әдемі қалпын бұзбай, өзіне ғана тән ерекше еркін, тәкаппарлығымен бірге темірдей қатал бола білетін, талапшыл, өр мінезді, ішкі рухани дүниесін әрдайым байытып отыруға да аса көңіл бөлетін өресі биік адам. Ол да, біріншіден, әйел, мейірімді ана, немерелеріне қамқор әже. Жанымызда осындай жақсы адамның жүргені де жақсы. Бұл шағын мақала Нэлля Әбенқызы өмірінің осы зейнет жасындағы атқарып жүрген шаруалары жайлы аз ғана үзік сыр.
Сәуле БЕГАЛИҚЫЗЫ,
зейнеткер-ұстаз.
Қаскелең қаласы.