Бала-бақыт, бала-болашақ! Дүниеге келген кішкентай балаларға барлық жағдай жасау аса маңызды. Әсіресе, мектеп алды тәрбиесінің мәні жоғары. Кеген ауданында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеудің қамту көрсеткіші 98,3 пайызды құрайды. Бұл – жақсы дүние.
Бөлексаз ауылында екі бірдей балалар бақшасы жұмыс істейді. Оның бірі Бөлексаз орта мектебіндегі «Балбөбек» шағын орталығы. Жып-жылы ұядай орталықта 20 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оларға Толқын Бөшенбаева, Нұргүл Нарынбаева атты тәрбиешілер жұмыс күндері тәлім беріп келеді. Мұндағы Баян Қожырасыловадай бала күтушінің еңбегі зор. Балапандар 4 уақыт Айнагүл Қанапияевадай аспазшы апайларының дайындаған дәмді тамағы мен сусындарымен тамақтанады. Бір уақыт ұйықтайды. Түрлі ойындар ойнайды. Аптасына 1 рет мектептің ішіндегі кітапханаға саяхат жасап тұрады. Шағын орталықта өткізілген «Туған өлкем – қандай көркем!» атты ашық тәрбие сағатын, «Алтын күз» атты ертеңгіліктерін орнымен айтуға болады. Осындай тәлім мен тәрбие сағаттарында Алина Көке, Айәлі Айболат, Айару Ерболқызы, Әмина Мұратбекқызы секілді бүлдіршіндер ән айтып, тақпақ айтып, би билеп кеш ажарын ашып жатады. Жалпы, шағын орталықта балалардың әрбір уақыты көңілді, мағыналы өтеді. Оған ата-аналар да дән риза.
Ауылда «Еркетайым» атты жекеменшік әріптестік негіздегі балалар бақшасы да жұмыс істейді. Мұнда да жиырмадан аса бала тәлім алып жүр. Арайлым Абыханова, Айымгүл Жақыпбаева секілді тәрбиешілерінің аттарына жылы лебіз білдірген артық емес.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.