Уақыт көшін алға апарып ілгері сүйрейтін, жылдарды жылжытып, айларды сырғытатын, күндерді тізбелейтін тарих доңғалағы мәңгі тоқтамайды. Сөйтіп, жадымызда жақсы жаңғырған кешегіміз артта қалып, қызық-қуанышымен бүгінгіміздің тынысын кеңітіп жүргенде ертегідей ертеңіміз қол бұлғап шақырып тұрады.
90 жылдай тарихы бар қасиетті де қазыналы Қарасай ауданының өткеніне көз жіберсең, оның өне бойында қазақ елі басынан кешкен біртұтас жол-сапары анық көрінеді. Қарасайлықтар асыға күткен ауданымыздың осы үлкен мерейтойы кең көлемде екі күн бойы аталып өтілді. Бұл мерекеге әзірлік кезінде де бірталай жұмыс атқарылғанын айтқанымыз жөн. Қаскелең қаласы мен басқа елді мекендер тазартылып ретке келтірілді, көріктендірілді, көшелер жөнделді. Мәдениет мекемелерінде, ауылдарда, мектептерде әртүрлі байқаулар, спорттық жарыстар өткізілді. Сондай-ақ, аудан орталығындағы орталық алаң айрықша безендіріліп, көз тартып, көңіл аударып тұрды.
Екінші күнінде таңертең орталық алаңдағы ескерткіш ашылған соң салтанатты жиын аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Мерекелік шара жаугершілік замандағы тарихи оқиғадан сыр шерткен сахналық көрініспен басталды. Әсерлі қойылымнан соң сахна төріне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов көтеріліп құттықтау сөзін айтты. Ұлы даланың батыры, аты аңызға айналған Қарасай батырдың есімі берілген ауданның экономикалық ілгерілеуі мен өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін атап айтып, құт мекеннің одан әрі дами беруін тіледі.
Одан соң аудан әкімі Жандарбек Далабаев баяндама жасап, 1929 жылы құрылған Қарасай ауданының өткен тарихына кеңінен шолу жасады. Осы өңірде азаттық үшін алысқан Қарасай, Наурызбай, Әйтей, Жауғаш батырлардың ерен ерлігін атап көрсетті. Сонымен қатар, татулық, тыныштық, қоғамдық келісім орныққан егемен еліміздегі өркендеп өскен өңірдің бірі – ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін айтып, экономикадағы, әлеуметтік саладағы жетістіктерді тілге тиек етті. Осы өңірде азаттық үшін алысқан Қарасай, Наурызбай, Әйтей, Жауғаш батырлардың ерен ерлгін баяндады, ауданды қалыптастыру кезеңдерінде басшылық жасаған азаматтардың, осы аймақтан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Еңбек Ерлерінің, шаруашылық жетекшілері, мәдениет, өнер тарландарының, соғыс және еңбек ардагерлерінің есімдерін атап көрсетті. Сонымен қатар, жерлесіміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі орасан зор қызметіне тоқталып, татулық, тыныштық, қоғамдық келісім орныққан егемен еліміздегі өркендеп өскен өңірдің бірі – Қарасай ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігін айтып, экономикадағы, әлеуметтік саладағы жетістіктерді баяндады. Аудан жұртшылығына тойға байланысты ең ізгі тілегін білдірді.
– «Тарихты қайта жасауға болмайды, одан үйрену» керек демекші, бүгін ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өтудегі басты мақсатымыз, ғасырға жуықтаған аудан тарихын сараптай, саралай отырып, өткенімізден таразы тағылым алуды ойладық. ХХ ғасырдың еншісіндегі қым-қиғаш оқиғаларға, ұлт-азаттық көтеріліс, қазан төңкерісі, қолдан жасалған аштық, дүниежүзілік соғыс және бірнеше реформаларды бастан кешкен еліміз үшін 90 жылда ескеретін жағдайлар жетерлік. Тәуелсіздік туы астында бейбіт өмір сүріп жатқан қарасайлықтар ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуына сүбелі үлесін қосуда. Ауданның 90 жылдық мерейтойына да толағай табыстармен келіп отырғаны аян. Бұл ретте «90 жылдыққа – 90 іс-шара» бағдарламасы бекітіліп, біршама жұмыстар атқарылды. Мәңгілік ел болуға ұмтылған «Ұлы дала» елінің биік мақсаттары мерзімінде орындалып, абыройы асқақтай берсін! Мерейтой құтты болсын қадірменді қарасайлықтар! – деді Жандарбек Ермекұлы.
Әрі қарай аудан басшысы әлеуметтік-экономика саласына үлестерін қосқан елтайлық Орынбасар Жанәділ, Жандосов ауылының тұрғыны Әлия Естаева, шамалғандық Мырзабек Чимчиковты «Қарасай ауданының құрметті азаматы» төс белгісімен марапаттады. Сонымен қатар, Алтын және Күміс алқа иегерлері, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен, бас-аяғы жеті бірдей отбасыға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер кілтін табыстады.
Ендігі кезек келген қонақтардың құттықтау сөздеріне берілді. Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Жетісу» өндірістік кооперативінің басшысы Жанат Исағұлов жерлестерін осы үлкен атаулы күнмен қуана құттықтап, ақ ниетін ақжарма көңілімен ақтарыла айтып, қарасайлықтарға шын жүрегінен шыққан ізгі тілеген әдемі жеткізсе, экономика ғылымдарының докторы, инженерлік академиясының академигі, қоғам қайраткері Бақыт Оспановтың та ыстық ықыласты жылы лебізін де көпшілік зейін қоя тыңдады.
Салтанатты жиын әрі қарай аудан өнерпаздарының үлкен мерекелік концертіне ұласты. Онда мың бұралған бишілер мен әдемі дауысты әншілер Қарасай жерін, оның ақ ниетті адамдарын әсем әнімен, күмбірлеген күйімен әспеттеді, ардақтады. Олардың ішінде «Үшқоңыр» этно-фольклорлік ансамблі Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Тәттімбеттің «Сылқылдақ» атты күйлерін нақышына келтіре орындап, Динара Кемелхан, Баймұхамет Мұқатай, Ақерке Құрбан және өзге ансамбль әншілері Отан және туған жерге арналған әуендерді әуелете шырқады. Мерекелік концерттік бағдарламаның соңы Бауыржан Есебаев әніне Бағлан Омаровтың сөзіне жазылған бар өнерпаздардың орындауындағы «Мәңгілік ел» әнімен түйінделді, оған жиналғандар сүйсіне қол соқты. Ауданымыздың мерейтойына арналған салтанатты жиын осылайша өте жақсы дәрежеде аталып өтіп, ол барлығының көңіліне тағылымы мол әдемі әсер қалдырды. Ал, мерекеге арналған шараның соңы Жандосов ауылдық округіне қарасты «Нұрдәулет» ипподромында ұйымдастырылған ұлттық ат спорты бәйгемен түйінделді.
Өңіріміз алда да дамып, көркейіп, өсіп, өркендей берсін! Елінің еңсесі биік болып, жерінің берекесі молайып, көбейе түссін!
Бұрым ОРЫНБАСАР.