Қарасай жерінің тарихи, мәдени орындарын насихаттап, қазыналы өлкенің жер-су аттарына қатысты мәліметті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу табандылықты талап ететін шаруа екені анық. Бұл жүйелі жұмыстың бастамасына Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі мұрындық болды. Өткен аптада аталмыш рухани орталықтың ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» жобасы аясында «Алтын тамыр» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынның әлқиссасын музей директоры Серік Қалиев өзі бастаса, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатұлқызы, ардагер-ұстаз Ақлима Көсемова және өлкетанушы, ұстаз Орынбасар Жанәділ тақырып айналасында ортақ ойларын қосып, аудан тарихын дәріптеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар бұл дөңгелек үстел басындағы басқосуға ауданға қарасты бірқатар мектептердің ұстаздары арнайы шақырылып, олардың да пайымды пікірлері ескерілді.
Ауданның тарихын тереңінен тану мақсатында өткен жиын барысында ұстаздар мен музей қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу, мектептерде «Музейге сый» акциясын, мұражай бұрыштарын ұйымдастыру, түрлі үйірме ашу, мектепішілік арасында сайыс өткізу, экспедиция жасау, туристік маршруттарды жүзеге асыру, жер-су аттарына қатысты топоним картасын құрастыру, ақындар мен батырлардың есімін ұлықтау сияқты алда атқарылатын жұмыстар айтылды. Одан бөлек Қарасай ауданының тарихын түсіндіруге қатысты тоқсанына бір рет жиналып, ой алмасуға жөнінде бастама көтерілді.
Жоғарыда атап өткен істердің жүзеге асуына қатысты Қарасай орта мектебінің мұғалімі Гүлзира Жүнісова. Үштерек орта мектебінен Жанат Өмірбекұлы және В.Белинский атындағы орта мектептің ұстазы Жанар Омарбекова алып-қосарларын айтып, мұндай жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.