Абай Құнанбаев өзінің поэзиясымен қазақтың көркем сөзін шырқау биігіне көтерген, әдеби тілді дамытып, қалыптастыруға зор еңбек сіңірген. Өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы мен ұлттық ерекшелік қасиеттері көрінетін ұлы Абай атамыздың туғанына келер жылы 175 жыл толғалы отыр. Осы ретте жақында, яғни, желтоқсан айының 11-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ауданымызға қарасты Іргелі округінің жергілікті Мәдениет үйінде Кемертоған орта мектебі ұжымының қатысуымен «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» атты әдеби кеш өтті.
Ауданымызға қарасты Іргелі округ әкімдігінің ұйымдастыруымен және де Кемертоған орта мектебінің атсалысуымен ұлы ақынның шығармашылығы аясында жастар арасында Отанға, еңбекке, білімге деген сүйіспеншілік сынды құндылықтарды ілгерілету мақсатында өткен шараға қонақ ретінде барлық округтердің құрметті ақсақалдары мен әжелері қатысты. Әдебиет сүйер жандардың басы қосылған әдеби кеш аталмыш мектептің ұстаздары мен оқушыларының қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің Леонид Соболевпен бірігіп жазған алғашқы көркем шығармалардың бірі – «Абай» атты трагедиялық пьесасының бір үзіндісін көрініс ретінде қоюымен басталды.
Мұнан кейін сахна төріне Іргелі округі әкімінің орынбасары Серік Үмбеталиев шығып, жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, еліміздің әдебиеті мен мәдениетінде, тарихында үлкен із қалдырған Абайдың жазған еңбектерінің өміршеңдігі мен тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Ұлы Абай – қазақ халқының ұлттық болмысы, бет-бейнесі. Сөз өнерінің құдіретін таныта білген Абайды халқымыздың ұстазы деуге болады. Қазақтың бас ақыны атанған ол тұжырымға толы құнды пікірлерімен ой салған шебер жазушы. Кейінгі толқын ұрпақтарына қалдырған ақын шығармалары әр адамға, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін өшпес мұра, таусылмайтын қазына болуы керек, – деді Серік Қалижанұлы.
Сонымен қатар, өңіріміздің құрметті ақсақалдары мен әжелер де сөйлеп, шараны ұйымдастыруға атсалысқан Кемертоған мектебінің ұжымы мен оқушыларына алғыстарын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу болуын көксеп, ғұмыры мен шығармашылығын еліне арнаған Абайдың ғибратты ғұмыры мен шығармашылығы жайлы кеңінен ой өрбітті. Қазіргі таңда Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздері арқылы өскелең ұрпақтың сана сезімі мен рухани құндылықтарын байыту керектігін де атап өтті. Жас ұрпаққа Абай шығармашылығын тереңдете оқытудың мәні үлкен екендігін, тәуелсіздікті баянды ету үшін, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстауда Абай мұрасының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақынның мұрасы мен аты ешқашан өшпеуі керек екендігін айтып өтті.
Мұнан бөлек шарада осы округтің Нұрғамила есімді әженің ұлы ақынға арнап жазған арнауы оқылып, аталмыш мектептің талапкерлері Абайдың «Білімдіден шыққан сөз», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Заман ақыр жастары», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» сияқты бірқатар өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Қазақ ұлы тұлғасы Абай тағылымын жастардың санасына сіңіру, оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу мақсатында өткен әсерлі әдеби сазды кештің соңы ақынның әлемге танылған «Көзімнің қарасы» атты әнімен тәмәмдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.