Ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде ауған соғысының ардагері Борис Керімбаев бейітінің басына құлпытас қойылып, батырдың ерлігі тағы да ұлықталып, рухына тағзым етілді.
Өткен аптаның сенбісінде аты аңызға айналған, «Қара майор» деген лақап атымен көпке белгілі Керімбаев Борис Төкенұлын жақындары мен достары еске алып, қабір басында марқұмның әруағына зиярат етті. Сонымен қатар, ерлігі ұмытылмас азаматтың бейітінің қасына бейнесі бейнеленген белгітас орнатты.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Қазақтың біртуар ұлы, елінің шынайы патриоты, ауған соғысының атақты батыры, полковник Борис Төкенұлы Керімбаевқа ескерткіш орнаттық. Ескерткіш орнын көзі тірісінде өзі таңдап кеткен болатын. Бұл кентте оның бала күні өтті, әскер қатарына да осы жерден аттанды. 35 жыл Отанға қызмет етті. Бізді табыстырған ауған майданы оның өміріндегі ең бір қиын кезеңдер болған еді, – дейді Борис Керімбаевтың майдандас досы болған Асылхан Өтеев бірге болған кездерін еске алып. Ал, Борис Төкенұлының жұбайы Раиса Керімбаева жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, екеуінің тату-тәтті өмір сүрген шақтарын еске алып, жастарға өсиет ретінде өмірдің әр сәті қымбат екенін айтты. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы күні Алматы қаласындағы Армия ғимаратында Борис Керімбаевтің естеліктері мен үлкен экранда батыр туралы деректі бейне материал көпшілікке көрсетіліп, еске алу кеші де ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, белгілі лақап атпен танылған «қара майор» Керімбаев Борис Төкенұлы 12 ақпан күні Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің госпиталінде көз жұмған болатын. Марқұмның денесі ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде жерленді.