Аллаға шүкір қазырғы күнде Қазақ жерінде Ислам діні бір кездегі арнасына қайта толықсып келеді. Тіпті жанданып, жаңа даму сатысына өту кезеңінде деуге болады. Деседе бұл үрдістің өзіндік тарихи-мәдени алғышарттары бар. Осылай деп айтуымызға төмендегі мағлуматтар дәлел бола алады VII ғасырда тарала бастаған Ислам діні, Х ғасырдың соңында қазақ даласында құралған түркі тілдес елдердің ресми діні деңгейіне дейін кқтерілді. Исламның Әбу Ханифа мәзһабы дін, қоғам мәселелерін шешуде Құран, шариғат үкімдерімен қоса жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алу секілді ерекшелігі Орта Азияның көшпелі, жартылай көшпелі халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін де жақын болды. Осы ерекшеліктің арқасында бүгінге дейін біз Исламның ханафи мәзһабын ұстанамыз және Ислам қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ұлт тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Ханафи мазхабындағы еркін ойшылдық ұлы даладан әлемге «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабиді, Ж.Баласағұн, Ахмет Ясауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды өмірге келтірді. Олардың еңбектері орта ғасырдағы Орта Азиялық өркендеу кезеңінің мәдени өміріне зор үлес қосты. Әсіресе, әл-Фарабидің сан-салалы ғылыми еңбектері тек Таяу немесе Орта Шығыс ғұламаларының ой-пікірлеріне ғана емес, сонымен бірге Еуропа ғылымына да зор ықпал етті. Ұлтымыздың ақын-жырауларының шығар-машылығына үңілер болсақ, біз олардың ең алдымен жай ақын немесе қарапайым ғалым емес, ислам дінінің өзегін ашқан ғалымдар екенін байқаймыз. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалым-дарымыз, сал-серілеріміз дін фило-софиясын, құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрі мен сөлін қарапайым халыққа ұғынықты түрде жыр-шумақ пен күй-терме түрінде жеткізіп отырды. Ұлы даладан шыққан рухани тұлғалар мен ұстаздардың діни танымы кең болды, олар діннің қыр-сырын меңгеруде Ислам әлемінің көптеген рухани-мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. Білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Қазақтың ұлы реформатор-хандары жүйелеген қазақ қоғамының моральдық нормаларын, азаматтық құқықтарын реттеуге арналған Қасымханның қасқа жолы Есімханның ескі жолы Әз таукенің «Жеті Жарғы» секілді заңдарымыз шариғаттың негізінде дайындалып, бүгінде Ата Заңымыздың діңгегі болып табылады. Қазіргі таңда тарихшыларымыз «Ислам – ата-бабамыздың тарихи таңдауы болды» деген ұғымды көп айтады. Бұл дұрыс та. Себебі біз тарихымызды зерделей отырып, Исламның қазақ ұлтының ұлттық болмысы мен мемлекетінің қалыптасуына, мәдениеті, әдебиеті, өнеріне, жалпы дүниетанымына қосқан зор үлесін көре аламыз. Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен нәр алған Миллиондаған қазақстандық жастардың салауаттылық пен парасаттылықты, өркениеттіліктің болашағын өз бойларында ислам мәдениетімен байланыстыруы исламның қазіргі таңдағы Қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді. Демек ислам діні соның ішінде Абу ханифа мазхабы біздің ұлттық санамызға сіңген дәстүріміге айналған қазақ халқының негізгі ұстанымы деуге болады.
Абдилсамет Тойкылды,
Алмалыбақ мешітінің имамы.