Аудан әкімінің есептік кездесулері жалғасуда. Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев Бірінші Май ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, бір тоқсанда атқарылған жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, олардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, барлық сауалдарына толыққанды жауап берді.
Әдеттегідей Дулат Мұратұлы алдымен ауданымызда атқарылған және де атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталып, барынша мағлұмат беріп өтті. Әкімдіктердің жұмысымен танысқан біріншімайлықтар өз талап тілектерін жеткізді.
Есептік кездесуде алғашқы көтерілген мәселелердің бірі – су жүретін құбырлардың дұрыс жұмыс жасамауы болды. Нақтырақ айтқанда, тұрғындардың айтуынша, өткен аудан әкімінің жиындарында да айтылған су мәселесі шешімін тауып, Бекболат пен Қайнар ауылдарына ауыз су берілген еді. Бірақ, сол уақыттан бері құбырлардың жарылулары көбейіп кеткен. Соның кесірінен бір жерде су атқылап ағып жатады, ал бір жерде мүлдем ақпай қалады. Оның үстіне жарылған құбырды жөндеу кезінде суды жоғары жақтан жауып қоятындықтан біраз уақыт тұрғындар сусыз отырады.
Бұған округ әкімі Елдос Мұқатаев жауап беріп, құбырлар қазіргі уақытта беріліп жатқан судың қысымына шыдай алмай жарылып жатқандығын айтып, ол бұл мәселені қатаң бақылауында ұстап отырғандығын мәлімдеді. Бүгінде құбырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада құбырлар жөнделіп, үйлерге дұрыс келмей жатқан су мәселесі шешілетін болады.
Мұнан бөлек жиын барысында тұрғындардың көбі ауылдың балаларына арналған спорт кешенін салып беруді сұрады. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев қазіргі уақытта ауылдың өзіне жеке спорт кешенін салуға мүмкіндік жоқ екенін, бірақ тұрғындардың бұл өтінішін назарға алатындығын айтты.
Жалпы есептік кездесуде қатысушылар жоғары да аталғандардан бөлек әртүрлі жиындар өткізетін Мәдениет үйі, жолдардағы тротуарлар мен мал жайылатын жердің қажеттілігі сияқты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Жиын соңында қатысушылардың талап-тілегін қағазға түртіп алған аудан әкімінің орынбасары барлық тұрғындардың ұсыныстары зерделене келе, мәселені шешу жолдары қаралатынын да жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.