Ел Президенттігіне үміткерлер сайлау уақыты жақындаған сайын барынша үгіт-насихат жұмыстарын жеделдетіп, әр өңірлердегі тұрғындармен кездесу арқылы болашақ мақсат-міндеттерін түсіндіріп келеді. Осы аптаның алғашқы күнінде ауданымызға арнайы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партия атынын президенттікке кандидат ретінде тіркелген Төлеутай Рақымбеков келіп, «Агропарк Оңтүстік» ЖШС шаруашылығында қолдаушыларымен кездесті. Алдымен «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Андрей Агеенко мен «Агропарк Оңтүстік» ЖШС бас директорының орынбасары Жанболат Алишеров Төлеутай Сатайұлын егістік алқаптың алдынан күтіп алып, шаруашылықтың жұмысы мен жеткен жетістіктері жайында қысқаша баян етті. Одан кейін үміткер сайлаушылармен жақын пікір алмасу мақсатында, әрі өзінің алға қойған сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстыруды жөн көрді. Арнайы басқосуды алдымен модератор ретінде Төлеутай Сатайұлының Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Қанат Бекиев жүргізіп отырды. Сондай-ақ, сөз арасында «Ауыл» партиясының аудандық өкілетті төрағасы Жанәділ Орынбай да маңызды сауалдар қойып, баршасын сайлауға белсенді атсалысуға шақырды.
Төлеутай Рақымбеков пен оны қолдаушы ауылдықтар арасында ашық әңгіменің басы үміткердің жастық шағы мен қызметтік жолы баяндалатын бейнематериалмен басталды. Одан кейін Т.Рақымбеков өзіне сенім артқан азаматтарға алғысын айтып, алдағы жоспарлы жұмыстары мен бағдарламалық мақсаттары жайлы айтып өтті.
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп ұран еткен Төлеутай Рақымбеков келушілердің бірқатар сұрақтарына жауап беріп, өзінің облыстық, аудандық штаб мүшелерімен бірге ауылшаруашылығын дамыту жолындағы жұмыстарын ортаға салды. Сайлаушылар тарапынан ауылдың дамуына, еліміздегі білім жүйесіне қатысты және тағы басқа да көптің көкейінде жүрген бірнеше сауалдар қойылып жатты. Оларға қатысты кандидат сайлауалды бағдарламасын тілге тиек етіп, ойын ашық жеткізді. Одан бөлек, үміткер өз сөзінде жастарды алаңдататын бірнеше мәселеге тоқталып, оның шешу жолдарына байланысты көзқарасын білдірді. Мәселен, оларға деген жұмыстың тапшылығы, баспаналы болу, оқу орындарына түсу сияқты қиындықтары. Ал, білім саласына қатысты ойын кеңірек түсіндірген Т.Рақымбеков қазіргі мен бұрынғы білім берудің айырмашылықтарына тоқталып, оларға лайықты бір жүйе қалыптасу керектігін айтты. Өз кезегінде кандидатты жақтайтын осы партияның штаб мүшелері де ойларын білдіріп, белсенді атсалысып отырды.
Кездесу соңында кандидат Төлеутай Сатайұлы «Агропарк Оңтүстік» ЖШС шаруашылығының егістік алқаптарын аралап танысуды да жөн көрді. Шаруашылықтың иелігіндегі ауқымы кең жердегі күнделікті жұмыс барысын «Агропарк Оңтүстік» ЖШС бас директорының орынбасары Ж.Алишеров жан-жақты айтып, көктемгі науқан жұмыстарының нәтижесімен бөлісе келе шаруашылыққа қажетті техникалар жайында да түсіндірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.