Қарасай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, күні кеше экошара аясында Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында «Таза бейсенбі» деген атаумен ауқымды сенбілік өтті.
Тазалық пен тәртіпті ту еткен маңызды шараға аудан өкілдері, жергілікті билік, ел ағалары мен белсенді жастар бірауыздан қолдау білдірді. Атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов, Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов, аталған округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелды Салибеков, еріктілер жетекшісі Асет Сатпаев пен оның жұбайы, волонтер Әлия ханым, психолог әрі волонтер Әсия Агибаева, мектеп еріктілері мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.
Экологиялық акция барысында 50-ге жуық ерікті мен ауыл тұрғындары белгіленген аумақтарды қоқыстан тазарту, көше бойы мен қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстарына жұмыла кірісті. Қолдарына құралдарын алған қатысушылар округ аумағындағы арық жүйелерін ашып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинады. Сенбілік нәтижесінде тонналаған қоқыс арнайы полигонға шығарылып, ауыл іші мен айналасы көз тартарлықтай тазарды.
Тазалық акциясының соңы салтанатты марапаттау рәсіміне ұласты. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов туған жерге деген жанашырлығын іспен дәлелдеп, экологиялық акцияның жоғары деңгейде өтуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар белсенді азаматтарға аудан әкімдігінің Алғыс хаттарын тапсырды. Марапатталғандар қатарында қоғамдық істердің басы-қасында жүрген еріктілер жетекшісі Асет Сатпаев, жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп, үлгі болып жүрген ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелды Салибеков және психолог әрі волонтер Әсия Агибаева бар.
Мұндай игі бастамалар қоршаған ортаға жанашырлық мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға үлкен үлес қосады. Сондықтан Қарасай жеріндегі «Таза Қазақстан» экоакциясы әлі де өз жалғасын табатын болады.
Өз тілшіміз.

