Осы аптаның басында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл жиынның мақсаты ауданымызға қарасты бірнеше ауылдық округ тұрғындарының өтініштерін тыңдап, олардың қойған сауалдарына жан-жақты жауап беру еді. Қоғамдық қабылдауға айтылған мәселелерге қатысты тиісті ауыл әкімдері мен бірнеше бөлім басшылары қатысты.
Алғаш болып қабылдауда болғандардың бірі – Шамалған ауылдық округінің тұрғыны Сандуғаш Қасымова екі мәселе бойынша келіпті. Біріншісі – ауыл шетіндегі тұрғындарға ауыз судың тапшылығы болса, екіншісі – жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің жоқтығы. Олар округ әкімі Ержас Тоқтасыновтың қатысуымен жан-жақты қаралды. Яғни, ауыз су тапшылығы мемлекет қазынасынан ақша бөлінсе, көп ұзамай шешіледі екен. Ал, жолаушылар тасымалы бойынша «Қаскелең автобус паркі» ЖШС арқылы келісімшарт жасалынса, бұл мәселенің де оңтайлы шешім табатыны айтылды. Одан кейін Шамалған станциясының тұрғыны Анар Ауезованың өтініші тыңдалды. Айтуынша, аталған округтегі жер телімі сатып алынғанда Қонаев көшесі 102-ші үймен тіркелген, бірақ мекенжай анықтамасы әр кезде әрқалай көше атауымен шығарылады екен. Бұл мәселеге қатысты аудандық сәулет бөлімінің бас маманы Ернар Махатов жауап берді. «Бұл оңай шешілетін шаруа, ол үшін сотқа өтініш жазу арқылы нақты мекенжайды анықтап, Әділет басқармасы базасында түзетулерге өтініш білдірсе болғаны» деді ол.
Сондай-ақ, қабылдауда Қошмамбет және Жамбыл ауылдық округтеріндегі кейбір көшелерді жарықтандыру мәселесі де сөз болды. Аталмыш ауылдардың ақсақалдары Бақыт Орынбайұлы мен Амангелді Толынбеков бұл жөніндегі өтініштерін айтты. Көршілес екі ауылда 1965 жылда тұрғызылған бағаналар осы уақытқа дейін әлі жаңартылмаған екен. Тозығы жеткен электр қуатын тасымалдаушыларын ауыстыру «Алатау Жарық» компаниясының құзырында болғандықтан, келешекте арнайы жоспар жасау арқылы шешілетін болды. Ол үшін осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұрған бағаналарға тексеру жүргізіліп, одан кейін басқа жарықтандыру жұмысы атқарылады.
Қабылдауды аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Рзабекұлы өзі қорытындылап, ауыл тұрғындарының өтініштері назардан тыс қалмайтынын атап айтып, тиісті ауыл әкімдеріне сөз болған мәселелер бойынша нақты жұмыс істеуді тапсырды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.