Күн жылынып, қардың еруіне байланысты өзен-көлдерде судың деңгейі көтерілетіні аян. Сондықтан ақпан айының 25-26 күндері аралығында елімізде «2020 жылғы су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаныстың, мемлекеттік басқару органдарының күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем – 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткен болатын. Осы ретте ауданымызда аталмыш іс-шараның аясында бірнеше рет тактикалық жаттығу жұмыстары жүргізілді. Ал, осы аптаның сәрсенбісі күні Қаскелең қаласында орналасқан «Сәукеле» ықшам ауданында командалық-штабтық оқу-жаттығуы шарасының аясында күштік құрылымдардың саптық дайындығы тексерілді. Оған төтенше жағдайлар департаментіне қарасты құрылымдар мен азаматтық қорғаныс қызметкерлері қатысып, көктемгі су тасқынында қолданылатын техникаларын көрсетті.
Бұл алаңда сап түзеген адамдар мен көліктердің барлығы төтенше жағдайда қалған азаматтарды құтқаруға, тасқынға тосқауыл болуға жақсы дайын дықпен келгенін айтуға болады. Аталмыш іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай қатысып, аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтердің дайындығымен танысты. Алмасбек Рзабекұлы мұнан кейін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжеханмен бірге шұғыл әрекет ету жасақтарының саптық дайындығынан бөлек жедел апаттық-құтқару қызметтерінің арнайы техникаларын тексерді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары топ мүшелеріне алда келе жатқан көктем маусымына тиянақты дайындалып, қазірден бастап құрал-жабдықтарын әзірлеуге мұқият болу керектігін ескертті.
Сонымен қатар, жаттығуда топтардың жабдықтарының жарамдылығы мен артық-шылықтары пысықталып, команда және құрамалар мүшелерінің функционалдық міндеттерін білетіндігіне де баса назар аударылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.