Өткен аптаның жұмасы күні аудандық әкімдіктің үлкен залында аудандық мәслихаттың XIX сессиясының отырысы өтті. Аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков төрағалық еткен жиынға аудан әкімі Жандарбек Далабаев, мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңестің төрағасы мен бөлім басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібінде 2021 жылдың бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебі, «Қарасай ауданы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту, аудандық мәслихатының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы №14-3 «Қарасай ауданының 2022-2024 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, ауданның «Құрметті азаматы» атағын беру сияқты бірқатар мәселелер қаралды.
Оның алғашқысы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев баяндама оқыды. Бөлім басшысы 2021 жылы аудандық бюджеттің негізгі параметрлері толықтай жүзеге асып, мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергендігін айтып өтті. Сондай-ақ ауданымызға өткен жылы келген инвестициялар жайлы толықтай ақпарат берді.
Сонымен қатар, сессияда осы уақытқа дейін қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нығаюына және қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына елеулі үлес қосып келе жатқан Эм Леонид Хак-Суновичке Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі де қаралды. Бұл депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Аудандық мәслихаттың хатшысы мәлімет беріп өткен өзге де мәселелер депутаттардың қатысуымен талқыланып, бірауыздан оң шешім қабылданды.
Жиын соңында аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы ауданымыздың соңғы бір жылда жеткен жетістіктері жайлы баяндама оқып, жиынға қатысқандарға осы уақытқа дейін ауданның дамуына үлестерін қосып келе жатқандары үшін ризашылығын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.