Қарасай жері – Алматы облысы бойынша халық саны көп шоғырланған аудан. Бүгінгі таңда мұнда 352 мыңдай адам тұрады. Біраз жыл бойы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін төмендеткен емес. Сондықтан бұл аудан Алматының маңындағы өндірісі өркендегендердің бірі болып табылады. Мәселен, Қарасайда 18 ірі кәсіпорын бар. Оның ішінде жетеуі – жүйе құраушы.
Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,4%-ға өсіп, 622 млрд. теңгеге жеткен. Бұл жайында және басқа ауданның ахуалына қатысты ақпаратты Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов сәрсенбі күні Қонаев қаласында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, соңғы уақытта жұмыссыздық мәселесі шешіліп келеді. Былтыр Шамалған ауылында «Қазақстандық құбыр арматурасы» зауыты салынып, 80 адам жұмысқа орналасса, Сауыншы елді мекенінде «BMG Holdinq» компаниясының сэндвич-панель шығаратын зауыты іске қосылып, 60 адам еңбекке тартылған.
Жалпы өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 224,2 млрд. теңгені құраған. Яғни, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40,4%-ға өскен.
Қарасай жеріндегі қуатты өндірісті ең ірі жобаның бірі – Оңтүстік Кореялық «KT&G» компаниясының зауыты. Оның жобалық құны – 80 млрд. теңге. Аталмыш өндіріс ошағы ақпан айында қолданысқа өтіп, 300 жұмыс орны ашылады деп көзделуде.
– Жармұхамбет ауылында құны 15 млрд. теңгені құрайтын «ROIR» компаниясының шағын индустриялық аймағы ашылады. Сондай-ақ «Бурундай контейнер Терминал» компаниясының көп салалы контейнерлік терминалы салынады. Жалпы, 2025 жылы 20-ға жуық жаңа инвестициялық жобалар іске асырылады, – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.
Қарасай ауданында ірі бизнеспен қатар шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ауданда аталған салада 32 827 субъект тіркеліп, 55 250 астам тұрғынды жұмыспен қамтыды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 252 млрд теңгеге өнім шығарылды.
Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы брифинг барысында аудандағы білім саласына да тоқталды. Айтуынша, 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қаскелең қаласы мен Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында жалпы алғанда 8100 балаға арналған жаңа форматтағы 6 мектеп қолданысқа берілді. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен «Өмірзақ» тұрғын үй кешенінде 900 оқушыға арналған білім ошағы ашылды. Нәтижесінде аудандағы үш ауысымды мектептердің саны соңғы 2 жылда 12-ден 3-ке азайған. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың 2-тоқсанында Алмалыбақ пен Бұлақты ауылдарында жаңа мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Денсаулық саласында да оң өзгерістер күтілуде. Оған аудан басшысы жеке тоқталып, жоспарлы жұмыстарды баян етті. Қаскелең қаласында заманауи перинаталды орталық және бір күнде 500 келушіге арналған көп салалық емхана салынады. Одан бөлек Абай, Үштерек ауылдарында 50 емделушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның және Қаратөбе елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы жүруде. Үшеуінің де қолданысқа беру мерзімі биылға жоспарланған.
Аудан басшысы коммуналдық шаруашылық саласын да cөз етті. Кейбір елді мекендегі ауыз судың тапшылығын шешу үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Жаңатұрмыс және Қаратөбе ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек 2025 жылғы бюджеттен төрт елдімекеннің ауыз су жүйелерінің бастапқы құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алынған. Ол үшін қазынадан 1,8 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар Қаскелең топтық су құбырының құрылыс жұмыстары да жалғасуда. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуымен бір қала мен 17 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жасұлан Тоққожаұлы өз сөзінде Қарасай жеріндегі энергия тапшылығы бар екенін де жасырмады. Алайда ол мәселе жуық арада шешімін табатынын айтты.
Сөз соңында аудан басшысы тас жолдың бойындағы атқарылған істерді де сөз етті. Айтуынша, 2024 жылы ауданның жолдарын жөндеуге 2,9 млрд. теңге қарастырылып, 28 елді мекеннің 60 көшесі, жалпы алғанда барлығы 71 шақырым жол жөнделген.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.