Әлемдік пандемия еліміздегі талай саланың дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болғаны жасырын емес. Оның ішінде спорт та бар. Індеттің таралуын болдырмау үшін карантиндік шектеулерге байланысты республика бойынша түрлі жарыстар, іс-шаралар толығымен тоқтатылған болатын.
Мұндай тосқауыл расымен де, саңлақтардың сағын сындырмаса да бабын жоғалтуға әсер етті. Қарасай ауданының спорт саласында осындай жағдайлар кездескенімен, жақсы жаңалықтардың да болғанын айтпасқа болмас. Атап айтқанда, аурудың ауылы алыстап, санитарлық талапқа сай жарыстар ұйымдастырыла бастады. Бұл додалардан қарасайлықтардың көрсеткен нәтижесі де көңіл қуантарлықтай болды. Сонымен қатар, ауданымызда бұқаралық спортқа деген басымдық арта түсті.
Осы және басқа да жағымды жаңалықтардың бірқатарын Қарасай аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов жан-жақты айтып, алда атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады. Ауданның бас спортшысы айтқан ақпаратын оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық.
Ауданда бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы құрылады
Бұл орталық – коммуналдық мемлекеттік мекеменің бір түрі. Оның негізгі қызметтік мақсаты – аудандық спорттық іс-шараларды ұйымдастырып, бұқаралық спортты дамыту. Соның аясында ойынның бірнеше түрінен облыс спортшыларының, жасөспірімдерден құралған команда мүшелерінің оқу-жаттығу процесі мен денсаулығы қадағаланады. Одан бөлек, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзекті мәселелер бойынша оқу-теориялық, практикалық конференциялар, тақырыптық семинарлар, байқаулар, көрмелер қолға алынып, жүйелі түрде өткізіледі.
Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы осылайша ауданның спорт саласын арттыруға, оны жан-жақты дамытуға үлес қосады. Осы бағытта жастардың танылуына ықпал етіп, Қарасай жерінің әлеуетін көтереді деген сенімдеміз.
Әйтей ауылының жасөспірімдері үшін спорт кешені ашылады
Ауыл спортын қолдау жағы ауданымызда соңғы жылдары жақсы қолға алынған. Жақын уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен Әйтей ауылында Әуе күмбезді көп функционалды спорт кешені ашылатын болады. Оның аумағы 1732,7 шаршы метрді қамтиды. 228 млн 300 мың қаржы жұмсалған нысанның құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, қазан айында толығымен аяқталған. Қолданысқа енді беріледі. Бұл шағын спорт кешені – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ықпалымен салынған Қазақстан бойынша бес орталықтың бірі.
Ауыл балалары тегін тәлім алатын бұл әуе күмбезді жаттығу залы Шамалған ауылында орналасқан «Үшқоңыр спорт мектебіне тиесілі болып табылады. Мұнда болашақ чемпиондар бокспен, күреспен, үстел теннисімен шұғылданып, басқа да ойын залдарында спорттық біліктіліктерін шыңдай алады.
Жылы ауамен үрленіп тұратын спорт кешенінде түрлі жарыстарды да ұйымдастыруға болады. Жақында муайтайдан Қарасай ауданы бойынша біріншілік өту жоспарлануда. Сонымен қатар, алдағы уақытта басқа да аудандық және облыстық деңгейдегі додалар ұйымдастыру жағы қолға алынады.
Ел игілігіне қызмет атқаратын, ауыл спортын дамытуға бағытталған осындай ерекше спорт кешенінде әлі талай чемпиондар өсіп-өнеді деген сенімдеміз.
«Street workout» барлық округтерде болады
Ашық аспанда жаттығуға арналған «Street workout» алаңдары көпшілік үшін пайдалы орындардың біріне айналуда. Ең танымал көше спорты соңғы уақытта біздің ауданымызда да жақсы дамып келеді.
Қарасайлық тұрғындардың денешынықтыруға деген белсенділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттің есебінен ауданға қарасты қала және ауылдық округтердің барлығында осындай жаттығу орындарын салу көзделуде.
Бүгінгі күнге дейін Шамалған, Ұмтыл, Бірінші Май, Жамбыл сияқты бірқатар ауылдық жерде мұндай орындар қолданысқа берілді. Ал, қалған 7 округтегі «Street workout» алаңдары аяқталу үстінде.
Көше фитнесі болып табылатын спорттың бұл түрі қарасайлықтар үшін пайдалы орындардың бірі болмақ. Бастысы денешынықтыруға деген құлшыныс болса жеткілікті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.