Осыдан бірнеше күн бұрын энергетика министрлігі тарапынан 12 сәуірден бастап елімізде бензин мен дизель отыны қымбаттайды деген мәлімет айтылған еді. Нақтырақ айтқанда, 12 сәуірден бастап бензиннің АИ-92 және АИ-93 маркалы 11%-ға, дизель отыны орташа есеппен – 20%-ға өсетін болады. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгерістер еліміздің ішкі нарығындағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін және алдағы уақытта туындауы мүмкін жанар-жағармай өнімдерінің тапшылығының алу мақсатында жасалған.
Қазірдің өзінде Түркістан облысы, Алматы қаласы сияқты бірқатар аймақтарда дизель отынының тапшылығы орын алып, халық арасында алаңдаушылық байқалуда.
Алматы қаласы іргемізде тұрса да біздің ауданымызда қазіргі таңда аталған мәселе бойынша жағдай тұрақты, дизель отынының тапшылығы жоқ.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, бүгінде ауданымызда жанар-жағармай өнімдерін сататын 35 жанармай бекеті тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.
Бекеттерде сұранысқа ие «АИ-92», «АИ-95» маркалы сұйық отындары жеткілікті, еркін сатылымда болса, дизель отыны талонмен және тәуліктік лимитпен сатылуда. Нақты айтқанда, жеңіл көліктер үшін лимит – 50 литр, үлкен жүк көліктері үшін – 100 литр.
Сұйық мұнай отынының бағасы да тұрақты, 1 литрі – 230 теңге.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.