Осы аптада Қарасай аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлының төрағалығымен Қарасай аудандық «Ардагерлер» ұйымының жанынан «Асыл ана» қоғамдық бірлестігін құру жөнінде жиын өтті. Оған аудан бойынша қала мен ауылдық округтерінің әкімдері, ақсақалдар және аналар кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, жастар қауымы қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олар – Қарасай ауданында «Асыл ана» қоғамдық бірлестігін құру және оның міндеттері, сондай-ақ осы ұйымның төрайымын сайлау туралы. Алғашқы мәселе жөнінде аудандық «Ардагерлер» ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов сөз сөйлеп, баяндама барысында Қазақстан халқының азаматтық рухани-мәдени бірлестігін қалыптастыру бағытында жастарды тәрбиелеуге атсалысу, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру, отбасы мәртебесін көтеруде бала тәрбиелеу көңіл бөлу сияқты жайттарға тоқталды.
Ал екінші мәселеге қатысты аудандық «Аналар» ұйымының төрайымы Ақлия Бекбайқызы ойын білдірді. Ел анасы алдымен аудан көлемінде аналардың атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен айтты. Одан кейін «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымына Қарасай және Жамбыл аудандарында әкім орынбасары болған, білім саласында жемісті еңбек етіп, талай жыл мектеп директоры және аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарған, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Ұлтусын Бархинова-ның кандидатурасын ұсынды.
Жиын барысында аталған қоғамдық бірлестіктің басшысы лауазымына Ұлтусын Амангелді-қызын лайықты екенін айтып, сөз сөйлегендер де болды. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Азиза Найманбаева мен осы округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базаргелді Анисов Ұлтусын Бархинова жайлы жақсы пікірлерімен бөлісіп, оның кандидатурасына қолдау білдірді.
Осылайша жиналысқа келген ардагерлер мен аналар бірауыздан аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымына Ұлтусын Бархинованы лайықты деп тапты.
Ал жаңадан сайланған бірлестіктің төрайымы Ұлтусын Амангелдіқызы өзін осы аталған жұмыстың жетекшілігіне лайықты деп тапқан жиын қатысушыларына рахмет айта отырып, сенімдерін ақтауға сөз берді .
Жиналыс соңында аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымының алдағы жұмыстарына табыстар тілей отырып, ардагерлер мен аналарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ел ішінде береке-бірлікті, татулықты сақтауға үлес қосуға шақырды.
Өз тілшіміз.