Халықаралық қарттар күніне орай жуырда аудан жастары Қаскелең қаласындағы ардагер қарияның үйіне барып, хал-жағдайын біліп қайтты.
Қазан айының бірінші күні – халқымызға құрметті болып саналатын қарттар күні. Осыған орай біздің елімізде ғана емес, сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінде қарияларға арналған іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан оларға көмек көрсетілуде.
Осы айтулы күнді біздің ауданымыздың жастары да елеп, ескеріп, еріктілермен бірігіп, өткен аптаның бейсенбісі күні «Ардагерлерді ардақтайық!» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Оның барысында жастар Қаскелең қаласындағы тыл еңбеккерінің үйіне барып, атамыздың сол ауыр жылдары басынан өткізген оқиғалары туралы әңгімесін тыңдап, қал-жағдайын біліп қайтты. Сонымен қатар, олар үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, азық-түлік себетін табыс етті.
Халқымызда «Қартын сыйлағаннын қасиетті артады» деген ұлағатты сөз бар. Қарттары бар ел – қазыналы ел. Сондықтан ел басына күн туған, қиын-қыстау кездерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.