Қаскелең қаласында заманауи сауда ойын-сауық кешені бой көтереді. Бұл – жай ғана болжам емес нақтылы бекітілген жоспар. Аудан әкімі өңірде бірнеше инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына қолдау білдіруде. Солардың қатарында жақында бой көтеретін «KARASAY PLAZA» орталығы да бар. Иә, расымен бұл жобаны іске асыру біздің ауданымыз үшін, әсіресе, Қаскелең қаласына өте тиімді болмақ. Біріншіден, 300-ге жуық жергілікті азамат тұрақты жұмысқа орналасады. Екіншіден, кәсіпкерлеріміздің арасында бәсекеге қабілетті орта қалыптасады. Үшіншіден, жергілікті бюджетке қомақты салық түседі. Бұдан бөлек, тұрғындардың бос уақыттарын көңілді өткізулеріне жақсы жағдай жасалады. Бір сөзбен айтқанда, аудан орталығының жан-жақты әсіресе экономикалық тұрғыдан дамуына серпін береді.
Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ақпаратына сүйенсек, «KARASAY PLAZA» кешені 1 га аумаққа орналасады. Оның жалпы ауданы – 23 мың шаршы метр. Жоспар бойынша 3 қабаттан тұратын сәулетті жобасының аумағы шамамен 6000 шаршы метрді құрайды. Онда 456 көлікке арналған автотұрақ, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мен спорт алаңшалары қарастырылған. Сондай-ақ, ғимаратта 100 адамға арналған екі залы бар кинотеатр, мейрамхана мен тез тамақтануға арналған орындар, отандық және шетелдік бренд тауар өндірушілері ұсынған өнімдерге арналған сауда нүктелері, тұрмыстық техникалар сататын дүкендер болады. Жоба бойынша сауда ойын-сауық кешені толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, оның аумағы абаттандырылады. Сонымен қатар, нысанның аумағына қала тұрғындары мен қонақтарына қыдырып және дамалып жүруіне арналған саябақ та салынады.
«KARASAY PLAZA» көп функционалды сауда-ойын-сауық кешенінің құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып, 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Айта кетейік, бұл аудан орталығында салынғалы тұрған ең алғашқы кешен.
Бұрым ОРЫНБАСАР.