Қарасай ауданында кадрлық әлеуетті арттыру жұмыстары жалғасын тауып, осы аптада аудандық әкімдікте кезекті маңызды кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» №152 Жарлығына және аудан әкімінің №36 жеке құрам бойынша өкіміне сәйкес, Нұрғалиев Мақсұт Сұлтанғазыұлы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Аптаның сәрсенбісі күні өткен аудан активінің кеңейтілген жиынында аудан басшысы Жасұлан Естенов жиналған жұртшылыққа жаңадан тағайындалған орынбасарын ресми түрде таныстырды. Алқалы жиынға аудан активі, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ дербес бөлімдер мен құқық қорғау органдарының, мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Басқосу барысында аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы өз сөзінде Мақсұт Сұлтанғазыұлының өмірбаянына, оның мемлекеттік қызметте жинақтаған мол тәжірибесіне, ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігіне кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар жаңа орынбасарды жауапты қызметімен құттықтап, аудан игілігі мен халық мүддесі жолында абыроймен, адал қызмет етуді айтып, өзіне жүктелген міндеттер бойынша жұмыс қарқынын арттыруды, әсіресе халықты толғантқан түйткілді мәселелерді жедел әрі сапалы шешуді тапсырды.
Айта кетейік, аудан әкімінің жаңа орынбасары Мақсұт Нұрғалиев аудан аумағында тұрғын үй-коммуналдық, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қалақұрылысы салаларына жетекшілік етеді. Өмірбаянына тоқталар болсақ, ол 1991 жылы Алматы облысы, Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласына қарасты Шенгелді ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2012 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Туризм» мамандығы бойынша аяқтаса, 2014 жылы аталған оқу ордасында «Кеден ісі» мамандығын ойдағыдай меңгеріп шыққан.
Еңбек жолын 2013 жылы «Ырыс» ЖШС заңгер-кеңесші болып бастап, жеке секторда алғашқы тәжірибесін шыңдады. Кейіннен мемлекеттік қызметке ауысып, сатылай өсу мектебінен өтті. Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінде 2017-2018 жылдары жетекші маман, 2018-2020 жылдары бас маман болып еңбек етті. Көрсете білген ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 2020-2022 жылдары осы бөлімнің басшысы лауазымында жұмыс істеді.
Бұдан кейін де жауапты басқарушылық қызметтерді сеніммен атқарып, өзін білікті басшы ретінде көрсете білді. Кейінгі жылдары Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі, ал 2022-2023 жылдары Талдықорған қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы лауазымдарында қала инфрақұрылымын дамытуға үлес қосты. 2025 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

