Қадірлі қарасайлықтар, ардақты ағайын! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл, шын мәнінде, мемлекетіміздің мерейін айрықша өсіріп, мәртебесін ерекше көтеретін ұлттық ұлық мереке.
1991 жылы 16 желтоқсанда өз Тәуелсіздігімізді жариялап, дүниежүзілік қоғамдастықтан лайықты орнымызды таптық. Осылайша азаттық үшін арыстандай айқасқан ата-бабаларымыздың арман-аңсары орындалды.
Егемен еліміз өткен уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың байыпты басшылығымен дамудың даңғыл жолына түсті, яғни, мәдениетіміз бен экономикамыз өсті, әлеуметтік сала ілгеріледі, реформалар сәтті жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламалар толық жүзеге асуда.
Туған елінің алға басуына бар білім-білігі мен қажыр-қайратын аямай жұмсап отырған мемлекет басшысының алысты болжай алатын көсемдік көрегендігінің, салиқалы, салмақты ішкі, сыртқы саясатының арқасында қазіргі Қазақстан көп істе өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуде.
Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем таниды, оның халықаралық деңгейде абыройы артып, беделі өсуде. Бас қаламыз – Астана әртүрлі маңызды жаһандық мәселелер кеңінен талқыланатын орталыққа айналып келеді.
Иә, қасиетті Қазақ елі Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясын басшылыққа алып, кемел келешекке батыл беттеп барады.Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да дәйекті іске асырылуда. Мемлекет басшысы жақында жария еткен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да алдымызға аса маңызды міндеттер қойып отыр.
Құрметті жерлестер, тәу етер Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі құтты болсын!
Ұлы дала елі жасай берсін! Баршаңызға жақсылық, бақ-береке тілеймін!