Кеше аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудан басшысы Жандарбек Далабаев тұрғындарды қабылдады. Бұл басқосуға келген азаматтардың жеке мәселелері әртүрлі бағытта болды. Көп тұрғындардың өтініші жер мәселесіне қатысты еді. Бұдан бөлек олардың ішінде су және жарыққа қатысты сұрақтармен келген адамдар да өздерінің өтініштерін аудан басшысына жеткізіп, алған жауаптарына қанағаттанды.
Нақтырақ айта кететін болсақ, қабылдауға келген Іргелі ауылының тұрғыны Алибай Кененов өзінің тозығы жеткен үйінің жағдайымен бөлісті. Оның айтуынша, баспанасы қолданысқа жарамсыз болып қалған екен. Осыған орай, қария мемлекеттік бағдарламалар арқылы қалай үй алуға болатынын сұрап, көмектесуін өтінді. Өз кезегінде аудан басшысы азаматтың өтінішін тыңдап, зейнеткерге баспаналы болудың амалын іздеп, жолдарын тауып, көмектесуге Іргелі ауылдық округінің әкімі Қадірбек Атшабаровқа жүктеп, нақты тапсырма берді.
Келесі кезекте қабылдауға келген Бірінші Май ауылдық округінің бірнеше тұрғыны ауылының су, жол және аурухана салуға қатысты мәселелерін ортаға салды. Ал, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы бұл азаматтарға мәселелерін жіті назарға алып, шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта аталмыш округке барып, атқарылған жұмыстар бойынша тағы бір кездесу өткізетінін жеткізді.
Бұл қабылдауға жеке мәселелерін айтып келген азаматтардан бөлек, ауданымызда шағын кәсіпорын ашуға ниет еткен инвесторлар да келді. Олардың өтініші – құрылысын бастағалы тұрған кәсіпорындарының құжаттарын дұрыс рәсімдеуге көмек қажеттігіне қатысты еді. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті қолдау керектігі жайлы айтқан тапсырмасын тілге тиек ете келе, кәсіпкерлерге көмектесетінін жеткізіп, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысына кәсіпкерлерге қол ұшын беруін жүктеді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы барлық қатысушыларға, нақтырақ өзінің орынбасарларына, округ әкімдері мен бөлім басшыларына халықпен тығыз жұмыс жасауды нақты тапсырды. Сондай-ақ, келген азаматтардың барлығының мәселесін шешуге атсалысып, қажетті мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, көмектесуін жүктеді.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.