Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мақсатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жыл сайын «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау ұйымдастырылып келеді. Биыл онлайн-режімінде өткен байқауға 20 Мәдениет үйі мен клубтар, 20 кітапхана, 10 музей қатысты. Байқау жеңімпаздарының қатарында біздің аудандағы Іргелі ауылдық Мәдениет үйі де бар.
Аталмыш байқауды өткізу арқылы ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, руханиятты дамыту, ауыл өнерпаздарын көпшілікке танытып, мәдениет мекемелері арасында іс-тәжірибе алмасу, көркемөнер ұжымдары мен үйірмелер жұмысын жандандыру, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр. Байқаудың шартына сай Мәдениет үйінің жалпы сыртқы, ішкі безендірілуі, ондағы көркемөнер ұжымдарының, үйірмелердің толыққанды жұмыс жасауы, тұрғылықты халықтың мәдени шараларға тартылуы, қамтылуы, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру ісі зерделенді. Осы талаптарға сай келген 17 ауылдық Мәдениет үйіне дыбыс аппаратуралары сыйланып, дипломдар берілді. Қарасай ауданынан осы байқауға қатысқан өнер ұжымының марапаты мен сыйлығын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі облыс орталығынан алып келген болатын. Өткен аптаның сәрсенбісінде салтанатты жиын барысында Іргелі ауылдық Мәдениет үйінің ұжымына дыбыс аппаратурасы табысталды. Сонымен қатар, жиын барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас мамандары Ляззат Әуелбекова мен Ділдә Әбілқасымова сөз сөйлеп, осы орайда талмай еңбектеніп жүрген сала мамандарының алдағы жұмысына сәттілік, елімізге амандық тіледі. Одан кейін аудандық Мәдениет үйінің директоры Елнұр Нұрғожаеваның атынан, жыл бойы байқауға өнерлі шәкірттерді тәрбиелеген қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.