Үсенбай Тастанбеков! Осы бір ғажап адам есімізге түскен сайын әрдайым жан-жүрегіміз нұрланып, оның асқақ бітім-болмысы көз алдымызға жарқырап келе қалады. Ал құлағымызда әлі күнге дейін айтқан ғибратты әңгімелері сайрап тұр десек те артық емес.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысының және Қарасай ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының журналисі, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет» орденінің, бірнеше жауынгерлік, сондай-ақ «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері асыл азамат жайында айтар жақсы сөз өте көп!
Тамаша журналист, мықты редактор, он кітаптың авторы, ұзақ уақыт аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған, кейін өмірінің соңына дейін құрметті төрағасы болған, ел мен жер тарихына жетік жүз жасаған шежіре қарттың арамыздан алыстап, қайтпас сапарға айттанғанына да бес жылға таяп қалды.
Қарасай ауданы аумағындағы Қасқасу (Шамалған) өзенінің батыс жағындағы Алмасай саты жанында 1919 жылы 20 қазанда дүние есігін ашқан Үсенбай атамыздың еліне сіңірген еңбегі ерен десек, ақиқаттан аттамағанымыз.
1928 жылы ауылда араб әрпімен төте жазу бойынша сауатын ашқан, Талғар ауылшаруашылық техникумының дайындық курсын, Қаскелең Қазақ мектебін бітірген. 1940 жылы әскер қатарына алынды. Ары қарай сұрапыл соғысқа қатысып, қан майданның қақ ортасында жүр еді. Атамыз соғысты танкіші ретінде бастағанымен, кейіннен қаһарман партизан болып шыға келді…
Соғыста екі рет жараланып, екіншісінің ауырлығы асып кеткен соң ауылға мүгедектікпен оралған жігіт ендігі жерде, яғни 1943 жылы елдегі тірлік-тіршілікке белсене араласып кете барды. Ал 1944 жылы журналистік жолға түскен. Өйткені, атамыз майданда қар жастанып, мұз төсеніп жүрсе де қалт еткен сәттерде қойын дәптеріне ой орамдарын түртіп жүрген екен. Елде жүргенде өлең де шығарыпты. Әрі жас шағынан лиро-эпостық жырларды, дастандарды, басқа да кітаптарды қызыға оқыған. Бұл жазу қолынан келеді, деген сөз ғой! Сондықтан Қаскелең аудандық газетіне жауапты хатшылыққа орналасқан.
Жалпы, Үсенбай ата Алматы облысындағы үш ауданда – Қаскелең (қазіргі Қарасай), Жамбыл, Еңбекшіқазақта (екі рет) редактор болған. Арасында жоғары партия мектебінде оқып, білім алған.
Соғыста алған жарақатына байланысты жиырма жыл өмірін арнаған журналистикадан кетуіне, тура келіп, Қаскелеңдегі М.Горький атындағы орыс мектебінде тарих пәнінен сабақ бергені де бар. Себебі, жоғары партия мектебін бітіргенде дипломына үш мамандық: журналист, аудармашы, тарих пәнінің мұғалімі деп жазылып беріліпті. 1966 жылы аудандық партия комитетіне жұмысқа алынып, нұсқаушы қызметінде 1979 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін істеді.
1990 жылы елімізде «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда Үсекең де үлкен іске бекем бел буып, оның Қаскелең қалалық ұйымының тез тұрып, қадам басуына көп еңбек сіңірді, кейінірек аудандық ұйымына да жемісті жетекшілік етті.
Бұл кезде қала көшелерінде, мектептерінде орыс атаулары сіресіп тұрған еді, жұмысты дәл осыдан бастады. Олардың орнына Саяділ Керімбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Құрманғали Ұябаев сияқты ардақтыларымыздың есімдері берілді. Көптеген елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылды. Мектептердің бәрі дерлік орысша оқытатын, оларды қазақшалауға көп күш жұмсады. Әрі бірталай мектеп осы өңірде туып-өскен ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің атымен аталды. Елге ерекше мерейтойлары атап өту де тұрақты қолға алынды. Балабақшалар да қазақша тәрбие бере бастады.
Міне, осындай орасан зор оңды істерге Үсенбай ата бүкіл білім-білігін, көп күш-жігерін жұмсады. Шын мәнінде, ерлікке тән еңбек етті, айтысты, тартысты, айқасты, әйтеуір, осы мақсатта қажымады, тайсақтап таймады. Жасыратыны жоқ, ол уақытта ауданда өзге ұлт өкілдері аз емес еді, әрі қазағымыздың өзі негізінен орысша оқып, тек орысша сөйлейтін… Осылайша ол туған халқының рухын көтеруге үлкен себі тиетін кереметтей жұмыстар атқарды!
Сөз соңында айтайын дегеніміз, Қарасай ауданының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосқан тамаша адам, асыл азамат, халықтың айрықша сый-құрметіне бөленген, еліне елеулі болған, артына өшпестей із қалдырған, жазушы-журналист Тастанбеков Үсенбай Бақтиярұлының аты бір мектепке берілсе! Ол кісі мұндай құрметке әбден лайықты деп есептейміз, ендеше тиісті орындар бұл мәселені онды шешсе, бүкіл қарасайлықтар да әбден риза болар еді.
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, Қарасай ауданының
Құрметті азаматы,
Шара ҚАНАТҚҰЛҚЫЗЫ,
аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Қарасай ауданының
Құрметті азаматы,
Ақлима КӨСЕМОВА,
ардагер ұстаз, Қарасай ауданының Құрметті азаматы,
Ақылия БЕКБАЙҚЫЗЫ,
аудандық әжелер алқасының төрағасы, Қарасай ауданының
Құрметті азаматы,
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Қарасай ауданының
Құрметті азаматы.