Тәуелсіздік қазақ халқына оңай жолмен келмегені белгілі. Ол бізге азаттық үшін айқасып, жан аямай күресіп, шейіт болған ата-бабаларымыздың күш-жігерімен қайратының арқасында келген. Аштық пен жұт, қуғын-сүргін, көптеген аласапыранды уақыттар мұның бәрі тарих беттеріне жазылып, қазақ еліне қайғы мен мұң әкелген сұрапыл кезеңдер. Сондай зұлматтардың бірі ретінде соғыс кезеңдерін айтуға болады. Оның ішінде біздің елімізге ғана емес, сондай-ақ, дүниежүзіне белгілі ұос, ауған, тәжік-ауған соғыстары, Чернобыль апаты да бар.
Бұл майдандарда елі үшін, жері үшін көптеген қазақстандықтар батылдылық танытып, қаза болды. Сондықтан бүгінде ұрыста құрбан болған жауынгерлердің ерліктерін есімізде мәңгіге сақтау біздің қасиетті борышымыз. Алда келе жатқан қос мереке қарсаңында аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар!» атты танымдық іс-шара ұйымдастырып, соғыс ардагерлерімен кездесу өткізді. Іс-шараның барысында ардагерлер өз естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі жастардың арасында төмендеп бара жатқан патриоттық рух жайлы әңгіме өрбітті.
Бірінші кезекте Мәдениет үйінің қызметкері жоғарыда аталып өткен оқиғаларға қатысты баяндама оқып, сол кезеңдер жайлы елімізге, ауданымызға қатысты мәліметтер беріп өтті.
Мұнан кейін ауған соғысының ардагері Сабыраддин Бұхабаев сөз алып, отанды қорғау жауапкершілігінің маңыздылығы және бүгінгі жастар жайында айтып өтті.
– Жастар еліміздің тірегі. Отанымыздың қорғаны. Мемлекетіміздің мызғымасы үшін ертеңге үлкен сеніммен қарайтын, болашақтың ізін салатын жастар қажет. Олармен әскеріміздің қатарын толықтырып қана қоймай, олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін оятуымыз қажет. Осы орайда біз біріншіден мектептердегі алғашқы әскери дайындықтар сабақтарын күшейтуіміз, ондай сыныптарға барша жағдай жасауымыз қажет, сондай-ақ, жастар арасында жиі әртүрлі жарыстар өткізуіміз керек, – деді Сабыраддин Камалатдинұлы. Өз кезегінде шараға қатысқан аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Бекмырза Жүсіп барлық тәрбие ол отбасынан басталатындығын тілге тиек етіп, ең бірінші кезекте жастарды емес олардың ата-анасына дұрыс бағдар беру керектігін айтты.
Бұған қоса дөңгелек үстелде Ауған соғысының ардагері Мұхит Нұрмағамбетов, Чернобыль апатының ардагері, облыстық «Чернобыль ардагерлер және мүгедектер» қоғамының төрағасы Нұрхайын Мұхиддинов, аудандық «Чернобыль ардагерлер және мүгедектер» қоғамының төрағасы Ислам Дүйсенов, Арман Сидазимов, Қарулы күштер ардагері Амангелді Шормаков сияқты тұлғалар да сөз сөйлеп, өздерінің жастық шақтары жайлы, сол уақыттағы ер азаматтардың әскери дайындығы туралы әңгімелеп, соғыс кезіндегі бірақатар сәттерімен бөлісті.
Сонымен қатар, шарада аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Замандастар» вокалды инструменталды ансамблінің тұсауы кесіліп, оның мүшелері ардагерлерге арнап, «Ана туралы баллада», «Қайран жеңгем», «Офицеры», «Сарбаздар әні» сияқты сол кездердің әндерін орындап, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Бүған қоса ауданымыздағы Б.Қосынов атындағы орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Ғалымжан Бекмұратов та өз өнерін көрсетіп, «10 наш десантный батальон», «Высока Высока», «Позови меня» әндерін орындау арқылы ардагерлердің көңілдерін бір марқайтты.
Басқосу соңында құрметке бөленген ардагерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.