Осы аптаның сәрсенбісінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісу жұртшылығымен жүздесіп, халық алдында есеп берді. Жиын барысында тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар қамтылып, маңызды мәселелердің мән-жайы талқыланды. Сонымен қатар, Амандық Ғаббасұлы көпшілікпен қаншалықты жақын екенін әлеуметтік желімен де байланыстырып, барлық өтініш-тілектер назардан тыс қалмайтынын атап айтты.
Облыс басшысы өз есебінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жағын алға тартып, экономикалық өсімді арттыру жолында, сондай-ақ, халықтың жағдайы жақсаруы үшін барлық тиісті жұмыстардың да атқарылып жатқанын жеткізді.
Былтыр Алматы облысындағы жалпы өңірлік өнім көлемі бұрынғыға қарағанда 4,5 пайызға өсіп, қаржылай түсім 3 трлн теңгеге жетті. Жалпы, 2019 жылы өңір бойынша мемлекеттік бюджетке 509 млрд теңге жиналған. Бір жыл ішінде 31 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, өткен демалыс маусымы Жетісу өлкесі үшін табысты өтті. Өңірге 2,3 млн турист келген.
– Биыл облыс бюджетінен бөлінетін қаржының 75 пайызы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен тіршілік етуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады. Мәселен, білім саласына 59 млрд теңге жұмсалмақ. Аймақтағы жолдарды жөндеуге 40 млрд теңге, тұрғын үй құрылысын жүргізуге 32,6 млрд теңге, ауыз сумен қамтуға 10,5 млрд теңге және табиғи газбен қамту ісіне 3,2 млрд теңге қаржы қарастырылған, – деді облыс әкімі А.Баталов.
Өңірде әлі де мектеп ғимаратының жетіспеушілігі бар. Қазір 38 мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр.
– 2019-2020 оқу жылында 48 мың бала бірінші сыныпқа барған. Яғни, білім алуға қажетті орын саны бірден 20 мыңға көтерілді. Нәтижесінде, мектептер үш ауысымда оқытуға еріксіз көшті, – деді облыс әкімі.
Биыл өңірде тағы 13 мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, қолданысқа енгізіледі. Қазір облыс аумағында 15 700 бала мектепке қатынап оқиды. Олар негізінен шағын елді мекендер мен саяжайлар аумағында тұратын отбасылардың балалары.
– Балаларды тасымалдау бойынша туындаған мәселеге жанымыз ауырады. Бұл мәселені түбегейлі шешсек дейміз. Биыл мұқтаж мектептерге 70 жаңа автобус сатып алып беруді ұйғардық. Қазір осы мақсатқа деп 1 млрд теңге бөлдік, бұл қаржыға барлық мектеп қажетті көлікпен 100 пайызға қамтылады, – деді Амандық Ғаббасұлы. Аумақта аз қамтылған отбасыларды көгілдір отын желісіне тегін қосу ісі де жолға қойылды, былтыр 2277 үйге газ кіргізілді. Ал, 22,6 мың отбасының үйіне иіс тиюден сақтандыратын қондырғы бюджет қаражаты есебінен орнатылды. Осы жерде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған шараларды айтпай кетуге болмас. Қазір облыста 67 500 мүгедек жан тұрып жатыр. Былтыр кембағал жандарды оңалту мен басқа да мәселелерді шешуге 3,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде, Талдықорған қаласы мен Іле, Қарасай, Талғар аудандарынан мүгедектерді оңалту орталықтары ашылып, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін игілікті іс атқарылды.
Алматы облысының жекелеген аудандарында Жедел жәрдем қызметінің бір бригадасы 10 мың тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсетуге асыққан дәрігерлерге мінетін көлік те жетіспейді. Қазір жедел жәрдем қызметінің өкілдеріне өз міндеттерін мүлтіксіз атқару үшін 70 көлік қажет.
– Бірінші кезекте көлік тапшылығын шешеміз. Қазір республикалық бюджет есебінен 35 көлік сатып алуға қаржы бөлінді. Қалған 35 көлікті облыстың қаражатына алып жатырмыз, – деді өңір басшысы. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде 2020 жыл Газдандыру жылы деп жарияланғанын айтып, қазіргі уақытта аймақтағы 144 елді мекен газдандырылып, газдандыру деңгейі 30,4 процентті құрағанын жеткізді. Облыс басшысының айтуынша, Талдықорған қаласы ішіндегі желілердің құрылысы аяқталып қалды, қазір табиғи газ желісіне 9 мыңнан астам абонент қосылған. Текелі қаласына дейінгі газ құбыры, Үштөбе, Сарыөзек, Бақанас автоматтандырылған газ тарату стансалары салынды. Жалпы алғанда, биылғы жылы Текелі қаласында және Ескелді, Балқаш, Қаратал, Кербұлақ және Көксу аудандарының 91 елді мекенінде кентішілік желілердің құрылысы басталады. «Талдықорған – Үшарал» және Райымбек аудандарын қамти отырып «Шелек-Кеген» магистралды газ құбырларының құрылысын жобалау жүргізілуде. Барлығы 305,4 мың адам тұратын 97 елді мекен қамтылады. Нәтижесінде, 1,2 млн. адам немесе тұрғындардың 54 проценті көгілдір отынға қол жеткізеді.
– Бұл ретте газдандыру үшін инвесторларды тартамыз. Өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 39,4 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 32,8 млрд. теңгесі – жекеменшік қаражат, яғни 1 теңге бюджет қаражатына 4 теңге жеке қаржыдан келеді. Мен өңірлерге барған кезде адамдар газға қосылу құнының қымбаттығына шағымданды. Аудан әкімдері инвесторларды тарту жұмысын баяу жүргізуде, – деді өз сөзінде А. Баталов. Алматы облысында былтыр 894 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық болғанымен, баспанаға мұқтаж жандардың үлесін азайтуға мүмкіндік бермей отыр. Қазір тұрғын үй кезегінде 50 700 адам тұр екен.
– Былтыр облыста «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2443 отбасы баспаналы болды. Оның ішіндегі 1779 отбасы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жатады, – деді өңір басшысы А.Баталов.
Баспасөз материалдары бойынша.