Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында «Заман жаршысы» газетінің тілшісі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаевпен әңгімелесіп, сала бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткен жетістіктер туралы айтып беруін өтінген еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Сырым Ақыл-жанұлы, ауданда қанша ауылшаруашылығы құрылымы бар? Сөзді осыдан бастасақ.
– Айтайын. Ауданда 3 мемлекеттік шаруашылық, 27 өндірістік кооператив, 101 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2332 шаруа қожалығы тіркелген. Бүгінде оның 2208-і жұмыс атқарса, ішіндегі белсенділері 1400 шаруа қожалығы. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында 20 500 адам жұмыс істейді. Ауданда 2020 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 45 млрд 230 млн. теңгені құрады (егін шаруашылығы – 15 млрд. 100 млн. теңге, мал шаруашылығы – 30 млрд. 130 млн. теңге). Бұл 2019 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 104,4%, облыстық жалпы өнімдегі үлесіміз – 7,1%.
– Ал, енді егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының жағдайына тоқталсаңыз.
– Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жердің көлемі 77994 га. Оның ішінде егістік айналымындағы жердің көлемі 36 243 га, шабындық 2 812 га, көпжылдық екпелер 1 785 га. Сол сияқты 37 154 га жайылымдық, 13 768 га суармалы жеріміз бар. Барлық себілген егістік жердің көлемі 28 889 га, сүдігер жердің көлемі 7354 га. Мал шаруашылығының жайына келетін болсақ, аудандағы ірі қара мал саны – 45 мың 939 бас, қой мен ешкі 45 мың 466 бас, жылқы 10 мың 752 бас, шошқа 1 мың 162 бас. Ал, құстың саны 3 млн. 031 мың болып тұр. Өндірілген мал шаруашылығы өнімінің көлемі: ет 18 952,8 тонна немесе 127,9 %, сүт 63 337, 5 тонна немесе 106,1%, ал, жұмыртқа 205 млн. 953 мың дана немесе 97,9 % құрады. Сонымен қатар, аудан аумағында 7 асыл тұқымды шаруа қожалықтары бар. Оның 3-уі сүт бағытында, 2-уі жылқы фермасы және 2-уі қой шаруашылығымен шұғылданады. Сондай-ақ, биыл экспортқа ірі қара мал етін шығаруға 75 тонна жоспар берілген еді. Ол алдағы уақытта толығымен орындалады.
– Қазіргі кезде жылыжай салу да көп пайда келтіреді. Бізде бұл істің жай-күйі қалай?
– Осы орайдағы басты мақсатымыз, әрине, аудан және алып шаһар Алматы қаласы тұрғындарын қыстық маусымаралық уақытта көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде 6 шаруашылықта жалпы көлемі 17,0 гектар құрайтын өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлар жұмыс істейді. Жалпы жылыжайдан түскен өнім көлемі 2091 тоннаға жетті. Осыған қоса айтарым, ауданда қысқы маусымда көкөніс және жеміс өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы 24 900 тонна болатын 14 қойма жасалған. Атап айтсақ, олардың ішінде көкөніс сақтайтын 4 қойма, жеміс сақтайтын 2 қойма, картоп сақтайтын 8 қойма бар. Тағы бір атап өтетін жай – мемлекет тарапынан 2020 жылғы күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған, яғни, 168 теңге бағамен 300 тонна жанар-жағармай бөлінді. Бүгінгі күнге одан алынғаны 120 тонна. Аудан бойынша күзгі-дала жұмыстарына 417 трактор, 190 соқа, 60 комбайн, 106 жер қопсытқыш, 110 дән сепкіш-сеялка, 287 топырақты уақтап тегістегіш техника қатысты.
– Ауыл шаруашылығына инвестиция құю мәселесі қандай дәрежеде болып тұр?
– Аудан бойынша ағымдағы жылға 5 млрд. теңге инвестиция салу белгіленген еді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша әзірге орындалғаны 2 млрд 497 млн. теңгені құрады, яғни, 46,3 %. Оның ішінде Жамбыл ауылдық округіндегі «АгроФерма Керуен» ЖШС-і 54,0 га жер теліміне интенсивті тамшылатып суару әдісін енгізуді жоспарлауда. Инвестиция көлемі 300 млн. теңге. 50 адамға жұмыс орны ашылады. Сол сияқты Елтай ауылдық округі бойынша «Rich Valley» ЖШС-і 2,0 га жер теліміне өнеркәсіптік жылыжай салуда. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвестиция көлемі 1 млрд. теңге. 35 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Ал, ауданның шаруа қожалықтары үшін 1 млрд теңгеге 68 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Жылдың аяғына дейін берілген инвестиция жоспары толығымен орындалады деген сенімдеміз.
– Өздеріңіздің адамға, оның игілігіне арналған аса маңызды жұмыстарыңыз жөнінде тағы не айтасыз?
– Жалпы, ауыл шаруашылығына байланысты жұмыстар негізінен біздің ата кәсібімізге жатады. Сондықтан да егемен елімізде экономиканың осы секторын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар аз емес, алайда, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін жүзеге асырылар істер әлі де көп деуіміз керек. Өйткені, шындығына келсек, осы асыраушы сала жақсы дамымайынша мемлекеттің ілгерілеуі ойдағыдай болмасы анық. Иә, агроөнеркәсіптік кешенді өркендетудің жаңа кезеңдерінде шаруашылықтың бәрін де қамтып, ауылдағы өмір сапасын айтарлықтай көтеруіміз қажет.
– Әңгімеңізге көп рахмет, жұмыстарыңызға алда да табыс тілейміз!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.