Жуырда Іргелі ауылдық округінің аумағындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде амбулатория ашылды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ қатысты.
Жандарбек Ермекұлы тұрғындарды осы қуанышты оқиғамен құттықтап, елімізде «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламалары аясында денсаулық сақтауда, жастардың репродуктивтік денсаулығын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Ауданымыздың денсаулық сақтау саласында бүгінде 1750 медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Ал, осындағы ескі ғимаратқа реконструкция жасалып, орнына аумағы 480 шаршы метрлік дәрігерлік амбулатория салынды. Осы жұмыстарға 52 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Амбулаториялық клиникада бірінші қабат пен жертөле бар.
Сонымен қатар, Бауыржан Ысқақ та тұрғындарды шын жүректен құттықтады. Жаңадан ашылған медициналық амбулатория үшін көпшілік атынан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің төрағасы Серік Шағыров алғыс айтып, Іргелі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Смағұл Садырқұлов ақ батасын берді.
Дәстүрлі лентаны кесу рәсімінен кейін аланда концерт үйымдастырылды, мерекеге қатысушылар жаңа ғимаратқа кіріп, оның құрылымымен танысты. Ғимараттың ішінде терапевтке, гинекологқа, аға мейірбикеге, процедуралық және екпе егуге арналған кабинеттер қарастырылған.
Амбулаториялық-емханалық бөлімнің меңгерушісі Болат Демеуевтің айтуы бойынша бүгінгі күні амбулаториялық-емханалық көмекке тіркеуде тұрған адамдар саны 4 мың. Емхана бір тәулікте 70 келушіге есептелген. Сонымен қатар, бұл жерде 5 адамға арналған күндізгі стационар бар. Жалпы, кешеннің аумағында 21 мың адам тұрады. Ол тұрғындарды толықтай тіркеуге тұрғызу жылдын соңына дейін көзделіп отыр. Емханада 12 қызметкер, оның ішінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар жоғарғы санатты дәрігер-терапевт және резидентура бітірген педиатр мамандары жұмыс істейді. Алдағы уақытта тіркеуде тұрған халық саны көбейген сайын жана штаттар қосылатын болады.
Өз тілшіміз.